Комикс – ағылшын тілінде comic – күлкілі деген мағына береді. Комикс – суретпен салынған хикая. Әдебиет және сурет өнерін ұштастырады. Бұл өнердің сан түрлі тармағы бар. Бірі графикалық роман тәрізді болса, енді бірі тіпті қысқа болады, оларды стрип деп атайды. Кей мемлекетте сурет салынған шығармалардың өзіндік атауы бар. Француз тілді елдер комиксті bande dessinée, яғни суретпен салынған лента десе, жапониялық комикс манга деп аталады.
Суретпен өрілген әңгімелер XVI-XVII ғасырда Валенсия және Барселонадан бастау алған. ХІХ ғасырда Эпиналда халық бұл өнерді өндіріс көзі етіп алады. Пеллерен фабрикасында 16 ұсақ суреттермен құрасытырлаған 600-ге жуық хикаялар басылып шыққан. Осыдан кейін жекелеген адамдар да өз бетімен суретті хикаяттар жазып, таратқан.
ХІХ ғасырдың соңында бұл өнер Америкаға да жетеді. ХХ ғасырда комикстің алтын дәуірі басталады. XX ғасырда комикс көпшіліктің назарына іліге бастады. Комикстер алғашында күлкілі оқиғаларға негізделеді. Бірақ бұл стереотипті 1938 жылы Супермен образы бұзды. Осыдан кейін оның аясына шытырман, фантастика, суперқаһармандар оқиғасы қосылды. Суперменнен бастау алған алтын дәуір 1930-1950 жылдар аралығын қамтыған. Екінші Дүниежүзілік соғыс қаһармандардың тууына себепші болған. Сол уақыт аралығындағы оқиғалар комикстерде де көрініс тапты. Америка Капитаны сынды образдар осы кезде шыға бастаған.
Ал комикстің күміс дәуірі 1956-1970 жылдар аралығын қамтыды. Күміс дәуір DC Comics америкалық комикс баспасының Флэш образымен басталды. Уақыт өте келе өткен ғасырдың 60-шы жылдары әлемдік сахнада «Марвел» компаниясы «Фантастикалық төрттік», «Өрмекші адам», «Халк», «Х-адамдар», «Темір адам», «Тор» атты қаһармандарымен таныла бастады. Бұл дәуірдегі комикстер Жерді өзге ғаламшарлықтардан қорғау, зұлымдықтан тыйылу секілді құндылықтарды насихаттауды мақсат етеді.
Комикстің қола дәуірінде (1970-1985 жж) нашақорлық, ішімдікке салыну, ортаның бүлінуі секілді сол кездің өзекті тақырыбымен күресті.
Ал қазіргі комикс дәуірінің оқиғалары әлемді құтқару, әділетке жақтасу мақсатымен шығарылып жүр. Ерекше күшке ие қаһармандарға қарсы тұратын жағымсыз образдар да ккомикстерде көрініс алып жатыр. Парақ бетінен киноиндустрия бағытына сырғып барған бұл өнер әр дәуірде әртүрлі танылды. Комикс дәуірлерінің өкілдері қандай ой түйді екенін келесі жазбамыздан көре аласыздар.