- Негізгі бет
- Мәдениет
- Келін - бөтен:...
Келін - бөтен: әйелге күң сияқты қарау жаугершілік заманда басталған
Қазақстандық тарихшы Салтанат Асанова дәстүрлі қазақ қоғамында келіндерге көзқарас қандай болғанын және күйеуінің туыстарына деген қарым-қатынасы қалай қалыптасқаны туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Салтанат Асанова қазақтардың дәстүрлі мәдениетінде ру-тайпалық қатынастардың маңызды орын алғанын атап өтті. Сондықтан да неке екі рудың өзара одағы, бір руды екінші руға қолдау көрсету тәсілі ретінде қарастырылды. Мұндай рулық қатынастар XX ғасырдың басына дейін сақталды, демек отбасы құру мен неке қиюдың руаралық қатынастарды әлеуметтік реттеуші ретінде қарастырылуы да осы кезеңге дейін жалғасты. Қоғамда жеті атасына дейінгі үйленуге тыйым салатын ереже болғандықтан, неке әрдайым рудан тыс жасалды және болашақ құдаларды таңдау үлкен рөл атқарды. Сонымен қатар, қалыңдық пен күйеу жігіттің біреуге деген романтикалық сезімдері болғанымен, ол неке кезінде аса еленбеді себебі ең алдымен одақтың қаншалықты пайдалы болатынын маңызды еді. Жастар, шын мәнінде, осы процестің субъектісі бола отырып, бұл қадамның әлеуметтік мәнін түсінді және жұбайының туыстарының алдында өзін лайықты деңгейде ұстауға тырысты, өйткені бар әулеттің беделі олардың іс-әрекетімен бағаланды.
Келін — бөтен
"Келіннің туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу тұтас рудың материалдық және әскери-саяси қолдау көрсетушісі бар екенінің кепілі еді. Келінге құрметпен, сыйластықпен қараған, оған ешқандай қол жұмсау туралы сөз де болмайтын. Туыстық қарым-қатынас тілдік қордың маңызды бөлігі еді, қолданыстағы туыстық атаудың 99 түрі бар. Бұл жүйеде «келін» сөзі «келген», яғни «жаңадан келген» деген сөзден шыққан. Келін күйеуінің отбасына түскенде оған өте сақ қарады. Күйеуінің туыстары оны бейтаныс адам ретінде қабылдап, одан қорғануға тырысты.Келінді қорғаған және өздері де одан сақтанған. Себебі әулетке енген адам сырттан ауру-сырқау немесе зұлым күш әкелуі мүмкін деп есептелген. Қазақтың бұл дәстүрлі көзқарасы келіндерді бірден үй шаруасына жегіп, күйеуінің туыстарына бағынуға мәжбүр етеді деген қазіргі пікірмен мүлдем жанаспайды. Керісінше, келін бірінші жылы үй шаруашылығына араласпаған. Себебі статус-кво сақталған. Қазақта қалыңдық киімі әскери киім имитациясы ретінде тігілген. Ұясынан ұшар алдында дәстүрлі сыңсу айтылады. Яғни, қыз туғандарын жырақ, мүлде басқа үйге кетеді", – дейді тарихшы.
Салтанат Асанованың айтуынша, келіннің күйеуінің үйіндегі қызметі оның туыстарының санына, аға-інілерінің санына және ата-анасының байлығына да байланысты болуы мүмкін. Қалай болғанда да, оған құрметпен қараған, десе де арнайы рәсімдер арқылы өздерін одан қорғаған. Әйел алғаш босанғаннан кейін оған деген қатынас та өзгерген, әсіресе бұған ұл баланың дүниеге келуі зор ықпал еткен.
Тарихшы әйелдің босануы оның өміріндегі маңызды сәт болғанын, өйткені осы арқылы ол жаңа әулетке сіңе бастайтынын көрсетеді. Босанғаннан кейін әйел 40 күн бойы киіз үйден шықпаған. Оған арнайы сорпа берген. Күйеуінің туыстары жас келінді қорғап, қамқорлық жасаған, өйткені ол осы 40 күн өмір мен өлім арасында болады деп есептелген.
"Келіндерге қатысты алғашқы отау құрған жылдары басқа да ерекшеліктер болды. Мысалы, оған күйеуінің ер туыстарын өз есімімен атауға рұқсат етілмеді. Жас келін олардың атына сай өзге атаулар ойлап табатын. Сірә, бұл шын есім адам жанын зұлым рухтарға ашады деп сенген Тәңіршілдік дәуірінен қалса керек. Келін ойлап тапқан есімдердің қаншалықты тапқыр, қызық болатынына қарай оның білімпаздығы мен шешендігіне баға берілді", - дейді зерттеуші.
Келіндерді жұмысқа жегу XX ғасырда басталған
"Келінге тегін жұмыс күші ретінде қарау бар жөн-жоралғысымен құда түсіп алған қыздарға қатысты қолданылмаған. Менің әжем мен үлкен кісілер өздерінің тұңғыштарын бақпағанын, оны абысыны өсіргенін айтады. Яғни, олар босанғаннан кейін жұмысқа жегілмей керісінше бөлек отауда кесте тігіп, қонаққа барып уақыт өткізген. Әрине бала көбейген сайын үй жұмысы да арта түскен. Ғалымдар әйелге деген қатынастың өзгеруін кейінгі жаугершілік заманмен, қазақ-жоңғар соғысымен байланыстырады. Сол заманда қолға түскен қалмақ әйелдеріне күң ретінде қараған. Оларға қатысты аяусыз арзан жұмыс күші ретіндегі көзқарастың қалдықтары кейіннен кеңес дәуірінде де сақталып қалды", - дейді ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері.
Тарихшы XX ғасырда қазақтың дәстүрлі ауылы маргинализацияланғанын атап өтті. Өткен ғасырда халықтың басына түскен сынақтар, сондай-ақ кеңес кезіндегі жаңғыру дәстүрлі негіздерге орны толмас зиян келтірді. Ашаршылық, соғыс және өмір салтының басқа арнаға бұрылуы қоғамды түбегейлі өзгертті.
Асанованың айтуынша, көшпелілерден отырықшы колхозшыларға айналу арқылы қазақтар аз уақыт ішінде "өздерін жаңадан құрды". Бұл жерде генетикалық селекцияны да атап өткен жөн. Ашаршылық, соғыс пен қуғын-сүргін кезінде жақсылар өліп немесе ауылды тастап кеткенде қазақтың қалған бөлігі әдет-ғұрыптардың ең жақсысынан гөрі, қиын кезеңдерге ыңғайлысын сақтап қалған. Демек келінге күң сияқты қарау қиын заманда аман қалу мақсатында жасалған ауыл кризисі кезеңіне сай келеді.
"Біз этникалық топ ретінде ХХ ғасырда күрт өзгердік. Сондықтан келінге қатысты қазіргі кезде сақталған көптеген салттар дұрыс емес және қате. Қазақ әйелінің, әсіресе, шаңыраққа енді ғана келген жас келіншектің мәртебесі өте жоғары және құрметке ие еді, өйткені ол отбасын атұстармен қамтамасыз ету керек болатын", - дейді тарихшы.
Енемен қарым-қатынасы және сәлем салу
Асанованың айтуынша, қайын ене келінге анасындай, кейде тіпті өз анасынан да жақын болып саналған. Рулық қоғамда қайын ене сол әулет әйелдерінің басшысы еді. Сондықтан да келіндер оған "салем беру" немесе "салем салу" арқылы құрмет көрсеткен. Бұл үлкенге құрмет көрсетудің бір түрі.
Тарихшы атап өткендей, бұл Еуропадағы ақсүйектер ортасында қабылданған дәстүрден еш айырмашылығы жоқ. Күнделікті рулық қоғамда өмір сүрген кезде келін мен ене іс жүзінде кездеспеген, өйткені олар әртүрлі киіз үйде тұрған. Қарым-қатынас адамдар арасындағы қарым-қатынастан гөрі ғұрыптық болды. Сонымен бірге, қазақтар отырықшы өмір салтына көшкеннен кейін бұл жағдай екі әйелдің, бір үйде тұруына байланысты өзгерді.
Жалпы, көшпелі мал шаруашылығында әйелдерге деген көзқарас отырықшы қоғамдағыдан басқаша болды. Ер адамдар негізінен соғыспен, жайылымдық жерді қорғаумен айналысқандықтан, отбасының тұрмыс-тіршілігі мен береке-бірлігінің барлық қамы – қарттар мен балалардың амандығы мен ас-суын қамтамасыз ету, киіз үй тігу мен жинау, жүк тасымалдау әйелдердің мойнына жүктелді. Мұндай қоғамда әйелдің мәртебесі биік, ер адамның толық жары болған. Бұл "қазақтың үш байлығы – денсаулық, әйел, мал" сияқты халық мақал-мәтелдерінде көрініс тапқан.
Тарихшының айтуынша, жар таңдауда әулет мұқият болған, өйткені олар оның отбасының көмегі мен тірегі болатынын түсінді. Сондықтан да поэзия мен әдебиеттегі әйелдерді сұлулыққа емес, ақылға, тапқырлыққа қарай бағалаған.
Қалыңмал және көп әйел алу
Салтанат Асанова дәстүрлі қазақ қоғамында «қалыңмал институты», яғни қалыңдық ақысын төлеу болғанын, бірақ оны тура мағынада әйел сатып алу деп қабылдауға болмайтынын айтады. Шындығында, бұл келіннің отбасына төленетін құн. Сонымен бірге, қалыңмалдың мөлшері көбіне «жасаудың», мөлшерімен өтелетін. Жасау неғұрлым құнды болса, күйеу жігіттің отбасындағы қалыңдықтың әлеуметтік жағдайы мен тәуелсіздігі соғұрлым жоғары болды. Мысалы, бойжеткеннің ата-анасы қалыңдыққа мал, киіз үй және жас жұбайлардың отбасылық өміріне қажеттінің бәрін сыйға тарта алады.
Т. Раушанұлы"Полигамия, яғни көп әйел алу қазақ қоғамында да болған және ол ислам діні қабылданғанға дейін бар еді. Бай адамдардың бірнеше әйелі болған, өйткені олардың көп дүние-мүлкіне ие боп қалатын мирасқор қажет еді. Мұндай адамның екі әйелі немесе үш әйелі болуы мүмкін және әрқайсысы өз ауылында тұратын. Көп әйел алу бүгінде кейбір қоғамдарда кездеседі, ал көшпелілер үшін бұл әдеттегі құбылыс еді. Жасы ұлғайған сайын үй шаруашылығын жүргізе алмайтындықтан, бәйбіше күйеуіне тоқал таңдаған", - дейді Салтанат Асанова.