Қазіргі жастарды күйзеліске салып жүрген не?

Әр кезеңнің өзіне тән ерекшелігі мен кемшілігі болады. Алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа көңілі ешқашан толған емес. Бұл заңды құбылыс. Өйткені мақтауға семірген ұрпақ еңбек етпей қойса, білім алмаса қасірет сонда. Дегенмен ХХІ ғасырда, дамыған қоғамда соғыссыз, ешбір қиындықсыз бейбіт әлемде жастарды күйзеліске салып жүрген не? 


Әлеуметтік желідегі керексіз ақпараттары ағымы 

«Вконтакте», «Инстаграм», «Фейсбук» әлеуметтік желілері қазір жастардың ғана емес алдыңғы буынның да айналшықтап шықпайтын ортасына айналып кетті. Тәуелдіміз. Бірақ мойындағымыз келмейді. Өйткені ақпараттық қоғамның әсері санаға бірден сіңіп кетіп жатыр. 

Әр әлеуметтік желіге телефонмен, компьютермен кірген кезде төменге қарай бағыттап сырғытып отырасыз. Бұл техника мамандарының жасап қойған ыңғайлы әдісі. Бірақ дәл осы әдіс арқылы жастар ақпарат алмасады. Түрлі жанрдағы ақпараттарды тамашалай алады. Түрлі топтарға жазылып, ондағы қызық әрі алуан түрлі дүниелермен танысады. Ал бұл күйзеліске қалай алып келеді? 

Қорқынышты әңгімелер мен психологиялық әсер етуші күші бар топтар. 

Бұл топтарға негізінде шығармашылықпен айналысатын және өмірге деген көзқарасы өзгеше жастар жазылады. Топтағы әрбір сөз, сурет, видеоға мән береді. Топ әкімшіліктері де белгілі бір мақсатта жұмыс жасайды. Олар өздеріне көп көрілім мен жазылушы жинап, белгілі бір жамандыққа да баруы мүмкін. Бір дәлелі «Көк ит» ойыны. 

Өзі жазған жазбаға қалдырған пікірге ашулану. 

Қазір жеке парақшаңызда отырып ойыңызға келгенді жазып, ойыңызды бөлісе аласыз. Тіпті кейбір жас қыздар, мектеп оқушылары әсіресе сырын ақтарып жазып жатады. Ал астына ерігіп отырған жастар түрлі пікір қалдырады. Қазір бетпе-бет отырып адамның көңілін түсіргеннен гөрі, виртуалды әлем арқылы оның өмірін түбегейлі өзгертіп жіберуге болады. Анайы немесе көңілге тиетіндей жазылған пікірлер парақша иесіне психологиялық шабуыл болып табылады. Осыдан келіп автор «неге ол маған олай пікір жазады» деп тартысқа түседі не алаңдап жүреді. 

Мағынасы жоқ суреттер мен жазбалар 

Кейбір топтарда мән-мағынасы жоқ суреттер салынады. Бұл суреттер мәнін жоғалтқан сайын миы енді жетіліп келе жатқан мектеп оқушылары одан мән іздеп сабылады. Сол секілді жазбалар да бар. Бұл жағдайлар «вконтакте» желісінде көп кездеседі. 

Керексіз ақпараттар көзі 

Оқушы және жастар өздеріне керек ақпараттан бөлек, мүлде қатысы жоқ дүниелерді оқуға ұмтылады. Ал бұл мидың жадын толтырып, онда керексіз ақпараттарды жинайды. Күні бойына білім мен ғылым игеру керек адамның ми керексіз ақпаратқа толған соң, іштей күйзеліс пайда болып, оның жұмыс не білімге деген құлшынысы болмайды. 

Алуан түрлі жарнама

Әрине жарнама қазір ақпараттық кеңістіктегі кәсіп көзі. Әлемдегі ең беделді кәсіп орындар табыстың ең көп бөлігін жарнамаға жұмсайды. Ал әлеуметтік желіде кейбір жарнамалар көзбояу, алдамшы болып келеді. Басымен кіріп, соған байланып қалған жастар, құнды зат не ақша ұтып алу үшін барын салып күні бойына аңдумен болады. Ақыры межеге жеткен кезде барып алданғандарын түсінеді. Ал бұл адам психологиясына үлкен әсер етуші күш. 

Түйін. Әлеуметтік желіде отырмаңыз немесе топтарға жазылмаңыз демейміз, тек пайдалы іске күштің басым бөлігін беріңіз. Жақсы топтарға, білім мен ғылымға келетін дүниелерді оқыңыз.