- Негізгі бет
- Мәдениет
- "Қазақтың Джина Лолобриджидасы"...
"Қазақтың Джина Лолобриджидасы" атанған Раиса Мұхамедьярова еді...
Суретте: оң жақта – Раиса Мұхамедьярова,
сол жақта – Италияның атақты акрисасы Джина Лолобриджида
60-шы жылдардың басында алматылық богема әдебиет классигі Ғабит Мүсірепов пен казақ киносының жұлдызы Раиса Мұхамедьярованың шаңырақ көтеруін сөз етумен болды. Басты себеп жұбайлардың жас айырмашылығы болатын. Жазушы өзінен 37 жас кіші қызды жар еткен. Жас қана емес, хас сұлу. Көрермен қауым Раисаны "қазақтың Джина Лолобриджидасы" атап кеткен еді. Джина Лолобриджида "Париж Құдай анасының соборы" атты картинадағы рөлімен атағы шыққан, "Әдебиет және өнер ордененінің" офицері, "Құрмен Легионы орденінің" кавалері, "Италия Республикасы алдындағы еңбегі үшін" орденінің иегері болған, өз заманында бар әлемді көркімен де, талантымен де тәнті еткен актриса болған.
"Егер біреу өміріңде нағыз махаббатты жолықтырдың ба деп сұрайтын болса, иә дер едім. Менің нағыз махаббатым – менің жалғыз Раечкам" -деген екен Ғабең. Мүсіреповтің Раечкасы жазушының үшінші әйелі еді.
► Бірінші әйелін әскери қызметте жүргенде алып қашып келген деседі. Есімі Қаншайым екен.
► Кейін Орынборда оқып жүргенінде Құсни Яғфарова есімді татар қызына ғашық болып, екеуі шаңырақ көтереді. Жұбайлар қырық жыл отасады. Ақын Қадыр Мырза Әли "Иірім" атты кітабында Құсни апайдың татар қыздарына тән ақылы да, айласы да бір басына жетіп артылатын парасатты адам болғанын айтады.
Жазушының 6 қызының төртеуі осы некеден туылған. Есімдерін Энгелина, Мара, Роза және Райхан қойған. Розадан туған жиені Дина да Ғабит Мүсіреповтің атына жазылған дейді.
► Ал, Раиса Мұхамедьярова екеуінен Гаухар және Гүлнар есімді тағы екі қыз дүниеге келген. Раиса апайдың әкесі Мәжит төре тұқымынан, ал анасы Меңсұлу татар қызы екен. 1939 жылы 11 шілдеде дүниеге келген болашақ актриса филология факультетіне оқуға түсіп, ағылшын тілі мұғалімі атануға бекінеді. Бірақ, құдай айдап актрисалық жолға бет бұрған жас қыз сұлулығы мен талантының арқасында көрермен жадында бірден сақталып қалады.
► Қызы Гүлнардың айтуынша, Ғабең 23 жастағы қыздың көңілін таба алмай ұзақ жүреді. Актриса немерелері бар үлкен кісінің құрмет-қошеметін қабылдай алмайды. Бірақ уақыт өте сүйіп қосылады. Екеуі 8 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрді. Кейін ажырасқанның өзінде отбасымен аралас-құралас болып, жақсы қатынаста қалған.
► Ғабең төсек тартып жатқанда Раяны алдыртыпты. Бөлмесіне кіріп, төсегіне жақындағанда: "Бұл кім?" -дейді, "Мен ғой, Рая". Ғабең сүйгенінің қолын қысып ұстаған күйі бақиға аттанып кетіпті деседі.
Кеңес және қазақ театр және кино актрисасы Раиса Мәжитқызы Мұхамедиярова 81 жасына қараған шағында қайтыс болды. Актриса бүгін, яғни, 5 қараша күні таңертең мәңгілік мекеніне аттанды. Бұл туралы Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының баспасөз хатшысы Ернат Ысқақ хабарлаған.
А. Оралқызы