"Қазақстан аруы" байқауының түсірілім тобы "Әлем аруы 2019" байқауына арналған еліміздің көрікті жерлері туралы фильмнің өндірісін бастады, деп хабарлайды Massaget.
Түсірілім жұмыстары отанымыздың бірнеше өңірінде өтпек. Шығармашылық топтың негізгі мақсаты — көрерменге қазақ жерінің қайталанбас сұлулығын, тарихын, халқымыздың қонақжайлығын көрсету.
Туындыдағы басты кейіпкер — 2019 жылы Қазақстанның ең сұлу аруы деп танылған Мадина Батық. Ол фильмде биік тауда орналасқан мөлдір сулы Қайыңды көліне барып, Шарын шатқалы мен Бозжыраның таңғажайып көріністерін тамашалайды, атқа мініп, бұл жануар алғаш рет қазақ жерінде қолға үйретілгенін баяндап, Ұлы даланың киелі мекендері мен көне қалаларын таныстырады. Аруымыздың саяхаты небәрі 20 жылдың ішінде шағын шаһардан заманауи мегаполиске айналған жас әрі әсем астанамызға келуімен аяқталады.
Туынды авторлары редакциямызға сторибордқа арналып салынған бірнеше сурет жіберді. Осы суреттерге қарап, фильмнің қалай шығатынын бағамдауға болады. Назар салыңыздар.
"Мадина туған өлкесінің көрікті жерлерін ерекше жылулықпен, асқан мақтанышпен сипаттайды. Жиһанкездерді ерекше табиғи және археологиялық нысандарды өз көздерімен көру үшін Қазақстанға шақырады",- дейді картина авторлары.
Жақын күндері Massaget пен Tengri Travel "Қазақстан аруының" елімізді аралап, Қазақстанды қалай қайта танығаны туралы арнайы видео дайындайды. Ол роликте түсірілім кезінде болған қызықты жайттар мен негізгі фильмге енбей қалған сәттер көрсетіледі.
Айта кетерлігі, биыл "Әлем аруы" байқауының финалы 14 желтоқсан күні Лондонда (Ұлыбритания) өтеді. Бұл байқауда еліміздің намысын 20 жастағы павлодарлық сұлу Мадина Батық қорғайды. Ол осы жылдың мамыр айында "Қазақстан аруы 2019" атанған болатын. Қазіргі таңда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде туризм саласы бойынша білім алып жүрген бойжеткен жеңіл атлетика, теннис сынды спорт түрлеріне қызығады және фитнеспен айналысады.