Қазақстан Республикасының бас қаласы Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында, Рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық хореография академиясы музейінің салтанатты ашылуы болады. Музейді салтанатты ашу құрметі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Динар Нукетаеваға ұсынылады. Ертең, яғни, 3 шілде сағат 11:00-деАстана қаласы, Ұлы Дала даңғылы 9, А ғимаратында өтеді. Экспозицияда академияның қалыптасуы мен даму тарихынан сыр шертетін архивтік құжаттардың, фото және бейне материалдардың кең спектрі ұсынылған. Құнды экспонаттар қатарында - Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қолтаңбасынан бастау алған Тілектер кітабы, Қазақстан Республикасының Президенті негізін қалаған Уақыт капсуласы, сонымен қатар республикалық және халықаралық олимпиада, байқаулар мен фестивальдар жеңімпаздарының алғашқы дипломдары бар. Ашылу рәсімі академия білім алушылары мен педагогтарының балет залдарынан сахнаға дейінгі өмірін бейнелейтін бірегей фотосуреттер көрмесімен қызықты болады. Музей экспонаттары арасында CNPC компаниясы ұсынған Турандот операсының алып жауынгері сыйлығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова және басқа да жеке тұлғалар мен ұйымдар сыйға тартқан кітаптар кездеседі. Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Астана Опера мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, Астана балет театрының директоры Валерий Кузембаев, Қазақстан ОКЗ директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры міндетін атқарушы Леонид Кочетов, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова қатысады.