Қазақ хандығы туралы "Қазақ елі" мультфильмі жарық көрді

Шымкенттік аниматорлар "Қазақ елі" деген атаумен жаңа толықметражды мультфильмнің тұсауын кесті. Анимациялық фильмді әзірлеген "САҚ" киностудиясының директоры Нұриддин Пәттевтің айтуынша, жобаның негізгі жұмыстарына алты ай уақыт кеткен, яғни, былтыр желтоқсан айында дайындалып, аяқталған. Жұмысқа барлығы 35 маман тартылыпты. Сценарий авторлары: Бақытжан Құлжабай, Батырхан Дәуренбеков және Сағаділдә Үсіпәлиев. Оларға белгілі тарихшы Жамбыл Артықпаев пен драматург Дулат Исабеков кеңесші болған. 

Туындыда елдің тарихы, Барақ ханның билік құрған дәуірі мен оның ажал құшуы баяндалады. Сонымен қатар Керей мен Жәнібектің балалық шағы, елдегі ауыр жағдайға қарсы тұруы да көрініс тапқан. Шығармашылық топтың айтуынша, аталған оқиғалар көпшілікке жаңа жүйе бойынша ұсынылған. 

Қазақстан кинотеатрларында аталған анимациялық фильм 19 мамырдан бастап көрсетіледі. Елімізден бөлек туынды Ресей, Германия, АҚШ және Біріккен Араб Әмірліктерінде де жергілікті халық назарына ұсынылмақ. Аталған елдердің киномамандары Канн фестивалінде "Қазақ елін" тамашалап, жоғары бағасын берген екен. Қазіргі таңда мультфильмді орыс, ағылшын және неміс тілдеріне аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дереккөз: sn.kz