Қайта өрлеу дәуірінің суретшісі және ғалымы Леонардо да Винчидің анасы черкес болған. Ол Италияға Солтүстік Кавказдан күң ретінде алып келінген. Аталмыш тұжырымды зерттеуші Карло Вечче жасады. Бұл туралы ол өзінің "Катринаның күлкісі" (Il Sorriso di Caterina) атты жаңа кітабының тұсаукесерінде мәлімдеді. Бұл туралы kavkazr жазды.
Вечче Флоренция мемлекеттік мұрағатынан табылған бұрын белгісіз құжаттарға сілтеме жасайды. Құжат Монна Джиневраның Катерина есімді күңді босатуы туралы акт. Құжатты суретшінің әкесі Пьеро да Винчи жазған және Леонардо да Винчи алты айлық болатын 1452 жылдың қарашасында жазылған.
Вечченің айтуынша, Катерина Кавказ тауларында ұрланған, алдымен Константинопольге, содан кейін Венецияға күң ретінде сатылған, содан кейін ол Флоренцияға келіп, жас нотариус да Винчимен кездескен.
"Мен бұл құжатты көргенде, өз көзіме өзім сене алмадым. Оның күң болғандығы туралы теорияға ешқашан көп мән берген емеспін. Құжаттағы Катерина Леонардоның анасы емес екенін дәлелдеуге бірнеше ай жұмсадым, бірақ соңында тапқан барлық құжаттар соған жол сілтеді және дәлелдерге сендім", - дейді Вечче NBC News-ке берген сұхбатында.
Бұған дейін кейбір зерттеушілер суретшінің анасы Солтүстік Африка немесе Түркиядан келген күң болған деп мәлімдеген.
Айта кетейік, ұлы итальян суретшісі, мүсіншісі, сәулетшісі, инженер, математик, өнертапқыш және ғалым Леонардо да Винчи 1452 жылы дүниеге келген. Да Винчидің ең әйгілі картиналарының бірі "Мона Лиза" Париждегі Луврда сақтаулы тұр.