Биылғы жылдың Наурыз айынан бастап, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жауқазын-2016» жобасы өтіп жатыр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай 25 жас талантты анықтауды мақсат еткен «Жауқазын-2016» жобасына осыған дейін 5 аудан басшысы (Ақжайық, Тасқала, Сырым, Қаратөбе, Зеленов) аяқтай келіп, өз өңірінің тарихын, бейнесін баяндайтын жас таланттардың қолөнер жұмыстары мен суреттерін, сондай-ақ басқа да керемет көрмелерін қойып, музей қонақтары мен қала тұрғындарын сүйсіндіріп, тамсандырған болатын.
Осы орайда айтқым келгені, бүгін БҚО тарихи-өлкетану музейінде «Жауқазын» жобасына жақында су жаңа әкімі Наурызбай Қарағойшин тағайындалған, Жәнібек ауданы өз көрмесін ала келді. Шындығын айтқан да көрме деген аты болмаса, атына заты сай емес. Келген қонақтардың да көңілінен шықпады деуге болады. Оған қоса көрмені ашып, жастарды жігерлендіріп екі ауыз сөз айтатын да аудан басшыларының біреуі де жоқ.
«Болашақ жастардікі, ендеше жастарға қолдау көрсетейік деді Елбасы» - деп ауыз толтырып айтады осы әкім-сымақтар. Ал шынтуайтына келгенде бәрі бос әңгіме, бос сөз. Болашағына немқұрайлы қараған Әкімдерден ештеңе күтуге де болмас. Қазақта «Ұяда не көрсе ұшқанда соны ілер» деген мәтел бар. Басшылары демеп, қолұшын бермеген жастардың ертеңі не болады? Бұл бәріне топырақ шашу емес. Тек бүгінгі Жәнібек ауданы көрмесін көріп қарным ашығаны. Музейге қонақтар тек өз өңірімізден емес, шалғай шетелден де келіп жатпай ма?! Бұл көрме орналасқан БҚО тарихи музейдің қала тұрғындары мен қонақтарын, болашақ жастардың санасын, туған елге, жерге деген патриоттық, отансүйгіштік сезімін оятып, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізетін үлесі зор еді. Әттең, музейге қойылған бұл көрме көңілден шықпады.
Осы жерде тағы да айта кетер жайт, осындай мәні де мағынасы жоқ, саны да сапасы да жоқ көрмені көрсетуге БҚО тарихи музейі неге рұқсат беріп отырғанын түсінбедім. Әлде музей қызметкерлері тек шара өтті, кетті, біттіме?! Мұндай дәмі жоқ, іліп алар ештеңесі жоқ, ауыз толтырып айтарға да жоқ шара кімге керек?!
Ия, айтып-айтпай не керек, «болары болды, бояуы сіңді» - демекші, бұл «Жауқазын-2016» жобасы жалғасын таба берері сөзсіз. Тек басқа аудан басшылары мен көрмеге жауапты адамдар осыдан сабақ алса нұр үстіне нұр болар еді...
Жолдаған: Дулат Танабаев