2021 жыл оңай болған жоқ. Ауру-сырқау, пандемия, дағдарыс пен инфляция бәріне соққы болып тиді. Бірақ жылды мұңмен емес, қуанышпен, көтеріңкі көңіл-күймен аяқтаған жақсы. Ал көңіл-күйді көтерер бір нәрсе – бұл фильм. Әсіресе, кинокомедия адамды күйбең тіршіліктен алып шығып, бір сәт өзімен-өзі қалдырады. Бейқам балалық шаққа алып кеткендей болады.
Юмор мен комедияда шек, шекара жоқ. Географияға бөлінбейді. Сондықтан назарларыңызға әлемнің әр елінде түсірілген үздік биылғы кинокомедияларды ұсынамыз.
Бас кейіпкер – Главный герой – Free Guy
АҚШ-та түсірілген ғылыми-фантастикалық комедия. Атыс-шабыстың да белгілері бар. Басты рөлде – бәрімізге таныс Райан Рэйнольдс. Бірақ бұл актердің бұл ойыны "өзгеден ерекше". Дэдпул сияқты бәрін құртқан жоқ. Рейтингісіне жақсы әсер еткен рөл болды бұл фильм.
Сюжеті былай. Әлемнің ең керемет Қаласында ең бақытты Жігіт өмір сүреді екен. Әлемнің ең үздік Банкінде жұмыс істейді. "Дос" атты күзетшімен дос. Бірақ жетпейтін бір нәрсе бар. Ол – қыз, қалыңдық. Қызға қояр талабы да "мықты". Ұзын тізімі бар. Бір күні керемет Қаладан керемет қыз көріп қалады да ессіз ғашық күйге түседі...
Тағы бір қызық жері мынада. Жігіт жұмыс істейтін Банкті ұры-қары күнде тонайды. Ал тұрып жатқан қаласы – күнде соғыс жүріп жатқан әскери аймақ... Бірақ жігітке мұның бірде-бірі қызық емес.
Бәрі жақсы өтті – Всё прошло хорошо – Tout s'est bien passé
Француз қара комедиясы. Фильмді танымал француз кинорежиссері, комедияны түсіруге маманданған – Франсуа Озон. Юморы жеңіл, бірақ сюжеті аладүлей, хоррор мен музыка қосылған. Арасында триллер мен детективтің белгілері бар.
Режиссер өмірдің қайғылы тұстарын, адамға қауіп пен қорқыныш туғызар жақтарын күлкімен, әзілмен жеткізуге тырысады.
Фильмнің басты тақырыбы – эвтаназия. Киноның басты кейіпкері (Софи Марсо) қарт әкесіне (Андре Дюссолье) ажал құшқысы келетінін айтып, авантюра бастайды. Мұндың шешімге келуінің өзіндік себебі де бар. Оны фильм тамашалап отырып түсінесіз. Францияда эвтаназия жасауға тыйым салынған. Ал Швейцарияда рұқсат етілген. Қызықтың бәрі осы жерден басталады.
Фильм, сөзсіз 2021 жылдың үздік комедияларының бірі.
Круэлла – Cruella
"101 далмат күшігі" фильмінің образына түсірілген кинокомедия.
Дарында актриса Эмма Стоун ойнаған АҚШ комедиясы. Бірақ сюжеттік желісі – Ұлыбританияда, ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы Лондон төрінде түсірілген. Сол жылдары Британияда панк-рок мәдениеті туып, жұрттың бәрі соған қызыға бастайды.
Ал фильмнің басты кейіпкері, модельер-дизайнер мамандығын енді игерген Эстелла болса, панк-роктың майталманына айналып, мода әлемінде абыройлы орын тапқысы келеді. Бірақ өмірде бәрі оңай деп кім айтты?! Кемсіту мен қорлауға тап болып, соңында экстрашешімге баруға тура келеді.
Қараниетті, көкпет әйелдің образына "мініп", Лондонның көшелерінде ойран салады. Мақсатына жетуді сонша қалаған Эстелла далмат күшіктерінен ала түсті тон пішіп, мода әлеміне жаңалық енгізгендей болады...
Алтыншы купе – Купе номер 6 – Hytti nro 6
Финдер түсірген комедия. Режиссері – Юхо Куосманен.
Финляндия мемлекетінің қандай елсіз-жерсіз, тұнжыраңқы, түнерген мемлекет, ал жұрты қандай депрессивті, мұңды екенін бәріміз білетін шығармыз. Ендеше бұл фильм де сондай.
Сюжеті де мұңайған. Жалғыздықтан шаршаған екі жастың кездесуі жайлы баяндалады. Қыз – фин студенті, ал жігіт – орыс шахтері. 1990-жылдар. Қолда мобильді телефон жоқ кездер. Тек Мәскеу мен Мурманск арасында қатынайтын пойыз ғана бар. Бұрынғы ғашығынан қашқан фин қызы Лаура сол пойызға отырып, тағдырынан қашқандай күй кешеді. Ал оның серіктес жолаушысы орыс Леха болса, "қашан көрсең мас, қашан көрсең мәз". Осы жерден екеуінің таныстығы басталады.
Биыл бұл фильм Канн фестивалінің Гран-Приін алған. Сондай-ақ Финляндияның атынан "Оскар" жүлдесіне де таласып көрді.
Туысқандар – Родные
Ресей кинокомедиясы. Режиссері – Жора Крыжовников. Кеңес кезінде көп түсірілген лирикалық комедияның ізбасары саналатын режиссер. Қазір сол жанрды қайта тудыруды қалап жүр.
Бұл фильм де сол стильде түсірілген. Лирикалық комедиядан басталған фильм ортасында роуд-мовиге айналып, ал соңында драманың шиеленісімен аяқталады.
Басты рөлде – әнші Монеточка.
Кинокомедия жанұяның сапарға шығып, көрген қызықтары жайлы баяндайды. Үйдің отағасы ауыр дертке шалдыққан екен. Ал оның арманы Груша фестиваліне барып ән орындау. Жанұясы оған қалдау білдіріп, жолға шығады. Бірақ Ресейдегі автожолмен діттеген жеріңе уақытында жетуге кім кепіл?!
Француз журналы – Французский вестник – The French Dispatch
Фильмнің толық атауы – "Француз журналы. "Либерти. Канзас ивнинг сан" газетіне салынған қосымша".
АҚШ пен Германия бірігіп түсірген кинокомедия. Режиссері – Уэс Андерсон.
Фильмде ХХ ғасырдың ортасындағы оқиғалар баяндалады. Сюжетке сәйкес, Американың The French Dispatch of the Liberty, Kansas Evening Sun атты апталық журналының кеңсесі Францияда орналасқан екен.
Журналдың бас редакторы аяқ асты жүрек талмасынан қайтыс болады. Ал ол өсиетінде журналдың соңғы қоштасу нөмірі шығарылғаннан кейін, баспа жабылсын деп жазып қалдырған екен... Редакция ұжымы енді соған кіріседі.
Ең жаман адам – Худший человек на свете – Verdens verste menneske
Норвег кинорежиссері Йоаким Триерси түсірген кинокомедия.
Фильмнің басты рөліндегі актриса Ренате Реинсве 2021 жылғы Канн фестивалінің ең үздік әйел актрисасы атанған.
Киноның басты кейіпкері – Джулия жасы 30-ға келсе де өзіне дым көңілі толмайды. Институтты оқып жүріп тастап кеткен. Медицинаны оқимын деп жүріп, психологияға кетіп қалған. Бір сәтте мүлде фотограф болуға қызығушылығы оянып, соған ауысып кеткен.
Қазір кітап дүкенінде жұмыс істейді. IT-саласының маманы, бай тұратын жігітпен жүреді. Бірақ бір кезде оны да "тастап кетеді". Джулия өмірінде саналы шешім қабылдаған емес. Немқұрайлы. Бірақ қыз сонша ақымақ емес. Алайда ақылды боп тұрғаны да шамалы...
Басты кейіпкер осы жерде өмірінде ең алғаш рет тағдыры жайлы, жіберген қателіктері жайлы ойланады.
Титан – Titane
Бельгия түсірген фильм. Режиссері – Жюлия Дюкурно. Комедияға қарағанда боди-хоррор стилі басым. Қара юмор араласқан,
Фильм Францияның атынан "Оскарға" ұсынылған. Биыл Канның Алтын Пальма бұтағы премиясын алған.
Киноның Алексия есімді басты кейіпкері бала күнінде жол апатына түседі. Көлік айдап келе жатқан әкесіне кедергі келтіріп апат содан болады. Қыз ауыр жарақат алады. Дәрігерлер ота жасап, басына титан орнатып береді. Содан бастап Алексияның мінез-құлқы өзгеріп шыға келеді. Адамның жақсы көрудің орнына, көлікті, темір-терсекті жақсы көріп кетеді.
Алексия ата-ана махаббатынан, өзге адамдардың сүйіспеншілігінен де құр алақан қалады. Шынайы жақсы көрген адамын да таба алмайды.
Істеген қылмысынан қашу үшін басты кейіпкер түрін өзгертуге көшеді. Шашын тақырлап, жігітке ұқсап қалады...