- Негізгі бет
- Мәдениет
- "Желмен ғайып болғандар"...
"Желмен ғайып болғандар" драмасының жұлдызы Вивьен Лидің бұйымдары бәссаудаға салынбақ
"Желмен ғайып болғандар" драмасының жұлдызы Вивьен Ли ханымға тиесілі киім-кешек, асылтасты әшекейлер, аксессуарлар, картиналар, мүлік, кітаптар мен басқа да заттар алдағы қыркүйек айының 26-шы жұлдызында Sotheby’s бәссаудасына қойылатын болды. Сатылатын бұйымдардың жалпы саны 250 болып отыр.
Экспонаттар ішіндегі ең құндысы — аталған фильм желісіне негіз болған "Желмен ғайып болғандар" романының авторы Маргарет Митчеллдің актрисаға өз қолтаңбасымен берген кітабы. Сонымен қатар актриса шимайларымен сақталған сценарий жазылған парақтар, жолдасы Лоуренс Оливье сыйға тартқан гравировкалы (ойып жазылған) сақина, бант түріндегі алқызыл гаухармен безендірілген әшекей және Victor Stiebel сән үйінің көйлегі де сатылымға шығарылады.
Лондондағы Sotheby's бәссауда үйінің басшысы Гарри Далмени алдағы сатылым Вивьен Лиді өзге қырынан тануға көмектесетінін айтты.
"Біз сүйікті актерлерімізді олар сомдайтын кейіпкерлер призмасынан көруді әдетке айналдырғанбыз. Вивьенді көпшілік Скарлетт О'Хара немесе Бланш Дюбуа образы арқылы қабылдайды. Бірақ, өз заманының ең көрікті әрі талантты актрисасы экраннан тыс өмірде көркемсурет топтастырушы, меценат, кітапқұмар екенін, оның нағыз литератор, суретші, эстеттермен тең дәрежеде әңгіме айта алатын тұлға болғанын көрермен біле бермейді",– дейді Далмени.
А. Оралқызы