- Негізгі бет
- Мәдениет
- Жаңа бағдарлама –...
Жаңа бағдарлама – «Өз ойым». "Жетінші арнада" бүгін тұсауы кесіледі
Ләйла Сұлтанқызы «Жетінші арнаның» тікелей эфирінде жаңа бағдарламаны Алмас Алтаймен бірлесіп жүргізеді. «Өз ойым» («Свое мнение») деп аталатын ток-шоу қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселелер мен адамдардың өмірінен сыр шертеді.
«Өз ойым» ток-шоуында жүргізушілер ашық диалогтар арқылы қақтығысқан тараптарды татуластыруға, көрермендерге жағдайды түсіндіруге, қоғамда шешімі қиын мәселелердің көзін табуға тырысады. Бағдарламаға келген қонақтар жүргізушілердің қитұрқы да ыңғайсыз сұрақтарына тез, кідіріссіз жауап береді.
Тікелей эфирдің мақсаты адамдардың жалған емес, тек шынай эмоциясын көрсету. «Қызыққа толы ток-шоу отандық телевидениедегі жаңа бағыт болады. Әртүрлі адамның өз ойы, айтары бар. Біздің мақсат соны көрерменге жеткізу. Қазақстанда қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін ток-шоулар аз. Сондықтан біздің бағдарлама өз уақытында, қажет арнадан шығып отыр»,– дейді бағдарлама жүргізушісі Ләйла Сұлтанқызы. Ләйланың айтуынша, бағдарламаның жаңа форматын директорлар кеңесі қабылдапты.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Батыр Қазыбаев «Жетінші арнаның» директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. «Қазақ тілді бағдарламаларды бағалау қиын. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде көрермендер мақтана алатын қазақ тілді бағдарламалар болуы қажет. Ләйла Сұлтанқызы сөзсіз еліміздегі үздік жүргізушілердің бірі. «Жетінші арнаның» көрермендеріне уәде береміз, бағдарламада қызықты да, өзекті тақырыптар қозғалады»,– дейді Батыр Қазыбаев.
Бір жарым сағаттық ток шоу сейсенбі-жұма аралығында сағат 15:00-де Жетінші арнада тікелей эфирге шығады. Бағдарлама барысында телеарна сайтынан көрермендер дауыс беріп отырады. Алғашқы қонақтардың есімі де белгілі. «Парфюмер» бүркеншік атымен белгілі рэпер және өткен жолғы әлеуметтік желідегі «шулы видеоның» басты кейіпкері, рэпер – Жан Ахмадиев. Ләйла Сұлтанқызымен тікелей эфирге шығатын бағдарламаны, бүгін сағат 15:00-де «Жетінші арнадан» өткізіп алмаңыздар.
Т. Раушанұлы