Өнер адамдары түгілі, қарапайым жұртшылықтың өзі үшін Голливуд қашан да армандардың шыңындай көрінетіні ақиқат. Өйткені, “Періштелер қаласына” баланатын Лос Анджелесті бағындырған адам барша әлем әміршісіндей атақ, даңқы жер жаһанға мәшһүр болады. Талайлар сол арман жолында бәрін тастап АҚШ-тың батыс жағалауына сапар шегіп жатады. Күн сайын, сәт сайын. Ал, онда жұлдыз атанғандар тек өнері арқылы ғана емес, тура ертегіге татитын махаббат оқиғалары арқылы да өздеріне баурап, бар ғалам олардың көзін алмай, қосылғанына қуанып, ажырасқанына қайғырып жататыны қызық...
Біз де ертеңгі Ғашықтар күні мерекесіне орай аса танымал бірнеше жұптың алғашқы кездесуінің қалай өткеніне жөнінде қызықты ақпараттар беруді жөн көрдік. Голливуд жұлдыздары да қарапайым жасөспірімдер секілді ессіз ғашық бола алады екен.
Алғашқы кездесу – әр нәрсенің де бастауы секілді өте маңызды оқиға. Одан алған әсер өмір бойы сақталады. Жалпы, Голливуд жұлдыздары үшін мұндай әсер қалдыру еш қтындық тудырмайтын көрінуі мүмкін, әрине. Оларда талант та, сұлулық та, ақша да бар. Десе де, олар өз дарынын қару ретінде пайдаланбай, керісінше, қуаныш сыйлайтын қарапайым дүниелерді таңдайды екен. Мысалы, кездесуге бірі жол бойындағы мексикалықтар кафесін, екіншісі паркті таңдап жатады екен.
1. Дэвид Бекхэм мен Виктория Бекхэм
Атақты футболшы мен кезінде поп жұлдыз, кейін талантты дизайнер ретінде өзін танытқан Викторияның Голливудқа тікелей қатысы жоқ болса да (Ұлыбритания тумалары), мұхиттың бергі жағындағы әлеммен қоса, Америка да бұлар десе ішкен асын жерге қояды.
Қазіргі таңда нағыз идеал отбасының символына айналған жұптың алғашқы кездесуі осы Викторияның тілегі бойынша орын алған деседі. Сондай-ақ, Дэвидтің оны теледидардағы бейнебаяннан көріп, бірден ғашық болғаны сонша “Осы қыз менің әйелім болады” деп, Виктория Адамсты (тұрмыс құрғанға дейінгі тегі) іздестіре бастағаны туралы әңгіме де аңыз болып таралып жүр.
Сонымен, алғашқы кездесу Дэвидтің кезекті ойынынан кейін Midland қонақүйіндегі ресторанда болған екен. Содан бері жұп ажырамады. Қаншама қиындықтан бірге өтіп, бүгінде 3 ұл мен 1 қыздың қылығына тоймай, әлі қол ұстасып жүр. Бір-бірінің іскерлік мансабындағы маңызды шаралардың бірін қалдырмай, үнемі қолдау көрсетеді. Балаларын да соған дағдылап, аса ұйымшыл әрі бауырмал тұлғалар қалыптастырып келеді.
2. Кэш Уоррен мен Джессика Альба
Атақты акриса мен оның болашақ жолдасы 2004 жылы “Фантастикалық төрттік” фильмінің түсірілімінде танысқан. Бірінші кездесуде Кэш Джессиканы мотобайкта қыдырқан екен. Жұп серуеннен кейін жанармай құю бекетіндегі шағын кафеге кіріп таңға дейін тоқтаусыз әңгіме айтқандарын әлі күнге дейін ыстық көңілмен еске алады.
Алғашында олардың сезімінің ұзаққа созыларына ешкім сенбеді. Себебі, Альбаның атағы дүркіреп тұрған, ал Кэш бар болғаны режиссердің көмекшісі еді. Қазіргі таңда олардың отау құрғанына 15 жылдың жүзі болды, 2 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отыр. Кэш жұбайы туралы: “ Менің жұбайым жыл өткен сайын сұлулана түсетіндей. Таңда оянған кезде, оның әдемілігіне тәнті боламын. Оның үстіне, миллион шаруаны тез арада тындыра салатын қасиетінің өзі бір төбе. Жалпы, біздің осы күнге дейін жарасымды өмір сүруіміз махаббаттан бөлек, бір-бірімізге деген сыйластықтан деп білем. Біз тыңдай аламыз, өзіндік ерекшеліктерімізді қабылдау өнерін де бірге игердік,” - дейді.
3. Алекс Родригез пен Дженнифер Лопес
Алекс Родригезді (Өте атақты бейсболшы, десе де Америкалық бейсбол жұлдыздарын біздің елді бірі білсе, бірі білмейді) көп адам танымауы мүмкін, ал Дженниферді білмейтін адам жоқ шығар.
Бір қызығы, бұлар ең алғаш танысқан сәттен-ақ Алекс сұлу әншіге бірден ғашық болады. Ал, алғашқы кездесуге тек 10 жылдан кейін шақырған екен. Соның өзінде қобалжығаны сонша, үстел үстінде не айтарын білмей, “Үйленгім келеді” деген сөзді қайталай берген. Содан қобалжығанын сәл басу үшін сыртқа шығып кетеді де, “Сен өте әдемісің” деп хабарлама жібереді. Ол хаты Алекс ресторанға қайта кірген кезде ғана Дженнифердің телефонына жетеді. Оны оқып екеуі де күлкіге қарық болады.
4. Уилл Смит пен Джада Пинкетт
Өте сүйкімді әрі жарасымды жұптың пайда болғанына 20 жылдың жүзі болды. Олар Сан-Францискодағы Алтын көпірде (Golden Gate) қарсы алған таңын өздерінің ең әдемі кездесуі деп біледі. Таңғы серуеннен кейін Уилл мен Джада ресторанға барып өте ұзақ әңгіме айтқан екен. Тіпті, болашаққа жоспар құру да сол кездесуден басталған.
Бүгінгі күні олар аса талантты ұл мен қыздың ата-анасы. Бала тәрбиесінде олармен дос бола білу қасиеті екеуінің бойынан табылатыны бұл жұптың балаларын елден ерекшеліп тұратынға ұқсайды.
5. Джей Зи мен Бейонсе
Джей Зи есімімен танымал Шон Картер өз мансабының ғарышқа қарыштауына жұбайы Бейонсенің тигізген әсері зор екенін айтады. Ал, әнші ару болса, керісінше. Бар жетістігінің себепкері Джей Зи деп айтуын қойған емес. Мүмкін, идеал жұптың белгісі осы шығар.
“Біз 2001 жылы кездестік. Алғашқы кездесуге гүл алып бардым. Сұлудың жүрегін жаулау оңайға түспеді. Бірақ, мен бар күшімді салып, ақыры махаббатыма қол жеткіздім”,- деп жауап берді Джей Зи алғашқы кездесу туралы сұраққа.
Айви есімді сүйкімді қыз бен егіз тәрбиелеп отырған жұп өнер адамдары ретінде ғана емес, әдемі отбасы ретінде де жастарға үлгі болып жүр.