- Негізгі бет
- Мәдениет
- Ғасыр тумасы немесе...
Ғасыр тумасы немесе 100 жылдық тарихы бар архив
Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз... - деп жырлап кеткен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев та 90-ға келер еді. Ал ақын сөз қылып отырған архивтердің бастауы болған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық мемлекеттік архивінің» (бұдан кейін- Орталық архив) құрылғанына 100 жыл толып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласындағы «Таным мен тағылым» атты бөлімінде: «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін құбылыс. Бірақ тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы тиіс. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Беймәлім болған көптеген тарихи деректер мен қазыналы артефактілер табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тарататынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға орасан үлес қосты.
Бағдарлама шеңберінде бірнеше еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен, сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында қалып қойған жоқ па?» – деп атап көрсетеді [1].
Президент атап өткендей, әлі де өз кезегін күтіп қаншама зерттелген және зерттелмеген құнды деректер архивтерде сақталып жатыр.
100 жылдық тарихы бар Орталық архивте де тарихи дерек көзі болып табылатын қаншама тұлғалардың жеке қорлары сақталуда. Бұл қорлардағы құжаттар арқылы жеке тұлға толық хабар беретін құжаттар жетерлік. Архив қорында сақталынған құжаттардың көпшілігі мемлекет үшін маңызы зор, көшірмесі жоқ түпнұсқалар болуы да әбден мүмкін.
Мәселен, Орталық архив қорында 360-қа жуық жеке тектік қорлар бар. Олар ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің және де ақын-жазушылармен, композиторлардың құнды құжаттарға толы мұралары бар. Яғни, жеке қорларда ғалым-қайраткерлердің ғылыми еңбектері мен өмірбаяндық құжаттары, қолжазбалары, хаттар мен фотоқұжаттары және т.б да құжаттары сақталуда.
Алда айтып кеткен Мұқағали Мақатаевтың да жеке құжаттары Орталық архивте тұрақты сақтауда. М.Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы - Нарынқол) «Қарасаз» ауылында туған. Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында әр түрлі қызметтер атқарған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетімен «Жұлдыз» журналында редакцияларда поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған екен.
Ақиық ақынның жеке қоры Орталық архивінде № 2159 номерлі қор бекітіліп 1949-1976 жылдар аралығын қамтитын,16 жыр дәптерінен тұратын құжаттары бар. Ақынның бұл құжаттарын 1989 жылы көшірме түрінде оның жары Лашын Әзімжанова Орталық мемлекеттік архивке табыс еткен екен. Тапсырылған жыр дәптерлерінің ішінде бірінші өмір күнделігі – 791 өлең жырлары, бір дастаны бар[2].
«Өмір күнделігіне» тоқталсақ бұл екінші құжат. Мұнда негізінен ақынның өмірінен жан-жақты мағлұмат алуға болады. Өмір күнделігін оқи отырып ақынның денсаулығының нашарлай бастағанын байқаймыз. Ақынның көрегендігін «Жүрегім менің жанған от» өлеңінен көруге болады. Онда өзі өмір сүрген кезеңдегі жат құбылыстарды ашып көрсеткен.
Кейде суық, кейде жылы,
Кейде тәтті ләззат тілі.
Кейде бейне көңіл нұры,
Кейде махаббат өнген гүлі.
Сұрғылт дүние теңізінен,
Сұстана қорқып жиренген.
Тақуа тіршілік негізінен,
Өшпейтін өнер үйренгем.
Жүрегім менің жүйткіп жүзген,
Долы мұхит кемесі.
Шабыт туып шаттық жүзден,
Келешек өмір елесі.
Жүрегім менің - дәл соққан
Уақыты өмірдің,
Талабыма нұр жаққан
Қуанышы көңілдің.
Жүрегім менің - жанған от,
Жылуы бітпей сөнбейтін.
Жүрегім менің - ұшқан оқ,
Тастауға қағып көнбейтін.
Кейде мұңлы, кейде шат,
Жүрегім менің қат-қабат.
Аяулысы сол жүректің
Ләззәтті махаббатта.
Жыр дәптерлерінен ақынның лирикаға көбірек көңіл бөлгенін байқаймыз. Сондай-ақ ақын өз өлеңдерінде ата-ана, досты, бүлдіршін сәбилерді өте әдемі нәзіктілікпен олардың қадір қасиетін оқырманға жеткізе білгендігін көреміз.
М. Мақатаевтың ақындық аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинақтары шыққан. Ақын жыр аудармасы саласына да көп көңіл бөлген А. С. Пушкин, В. Т. Белинскийдің жырларына аударма жасаған сондай-ақ американдық ақын Уолт Уитменнің өлеңдерін, ағылшын ақыны, драматург Бильям Шекспирдің сонеттерін, әлемге әйгілі италиялық ақын Рантеннің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ол кісінің көптеген өлеңдеріне ән шығарылған.
Қорытындылай келе, Орталық архивтің құрылғанына 100 жыл толуына орай, Орталық мемлекеттік архивте сақталынған тұлғалардың есімдері мен мұраларын зерттеп-зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізу басты міндеттердің бірі.
Қазақта “Бір кем дүние” деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Мұны айтып отырған себебіміз, бір туар тұлғалардың көзі тірісінде құжаттарын толыққанды архивтерге тапсырмауы хақында. Мемлекеттің дамуына үлес қосқан жеке тектік азаматтардың және олардың мұралары 100 жылдық тарихы бар, құнды құжаттарға бай Орталық мемлекеттік архивтің де дәрежесі мен құндылығы еселене түсері хақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қасым-Жомарт Тоқаев. Тәуелсіздік бәрінен де қымбат.
2. Егемен Қазақстан. 5 қаңтар 2021 ж.
3. № 2159, Мұқағали Мақатаев 1-3 істер.
Ұлттық архив қорын сақтауды қамтамасыз
ету бөлімінің архив қор қойма
меңгерушісі Ғ. А. Меңілбаева.