- Негізгі бет
- Мәдениет
- Галстук эволюциясы...
Галстук эволюциясы
Галстуктің пайда болуы туралы бірқатар болжамдар бар. Қазір бұл аксессуар ерлер гардеробының ажырамас бөлігіне айналды.
Египет
Галстукты еске түсіретін аксессуарлардың алғашқы түрлері Ежелгі Египетте табылған. Тікелей геометриялық пішінді матаның бір бөлігін ежелгі мысырлықтардың кейбір өкілдері мойын мен иығына орап жүрген. Бұл индивидтің қоғамда белгілі бір әлеуметтік мәртебеге ие екендігін білдірген.
Қытай
Ежелгі Қытайдың Синь әулетінің өкілі Шихуан Диннің қабірінен сарбаздардың 40 мыңнан астам керамикалық мүсіндері табылды. Жауынгерлердің мойындарына галстукты еске салатын кең мойын байламдары болғанын көруге болады.
Зертеушілер ежелгі Қытайда әскерилерді бейбіт тұрғындардан ажырату үшін осындай маталар қолданылған дейді.
Бірақ Ежелгі Қытайда да, Ежелгі Египетте де қолданылған галстуктер бүгінгі галстуктан ерекшеленді, оның басты белгісі – түйін болмаған
Рим
Мойынға мата байлау дәстүрі легионерлерден мұра болып келеді деген пікір де бар. Дереккөздердің айтуынша, Римнің Траян колоннасының легионерлері ауыр сауыт мойындарын жарақаттамауы үшін мойнына мата байлап жүрген.
Еуропа
Галстуктің алғашқы прототипі 1635 жылы пайда болды. Француз армиясының құрамында болған хорваттар Осман империясымен қақтығыста мерейі үстем келгеннен кейін Парижге салтанатты шерумен кірген. Жеңістің құрметіне хорват офицерлері мойындарына ашық түсті маталар байлаған.
Бұл бірден париждіктердің назарын аударады. Француздар хорваттардан оның не екенін сұрағанда, хорваттар біздің кім екенімізді сұрап жатыр деп "croates" деп жауап берген. Нәтижесінде мойынға байланған алғашқы жібек маталар Еуропаға "крават" деген атпен белгілі болды.
Әдемілікке құмар Франция патшасы Людовик XIV де осы әшекейге қызығушылық танытып, мойнына жібек мата байлайды. Кейін оған көптеген француздар еліктей бастады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысына қарай Кәрі құрлықтағы ерлер жаппай қайырма жағалы тон кие бастады. Осыдан мойынға байлап жүретін матаның бір бөлігін төменге түсіру сәнге айналды.
Ресей
Осы уақытта галстук Ресей аумағына да еніп жатты. Өзінің жаңашылығымен танымал болған император Петр I галстук тағу міндеттілігі туралы арнайы жарлық шығарды. Бірақ бұны боярлар құптамайды, өйткені галстук ресейлік дәстүрлі киімге сәйкес келмеді. Сондықтан оны ұнатпай "жылан" деп атады.
Ресейде галстуктің әйгілі болуы жазушы Александр Пушкинге байланысты – ол мойнына енді, кең мата байлап жүргенді жақсы көрген.
Заманауи галстук
Еуропада галстуктің танымал болғаны лорд Байронмен байланысты. Ол галстугын қысып емес, кең етіп байлағанды жақсы көрген. Осыған байланысты галстукты бос байлау "аля byron" деп аталды.
Тағы бір еуропалық жазушы Онере де Бальзак та галстукты мойынға бос етіп байлауды жақсы көрді және ол "Галстук өнері" атты кітап жазды. Жазушы кітабында мойынның түрлерін егжей-тегжейлі түсіндіреді, оны байлаудың әртүрлі формаларын көрсетеді.
Галстуктың қазіргі заманғы көрінісі 1924 жылы айналымға енді. Америкалық кәсіпкер Джесси Лангсдорф галстукті заманауи пішінде қиып, оны өз атына патенттейді. Бұрынғыдан айырмашылығы, Лангсдорф галстукты бір емес, үш матаны қабаттастырып тігеді, сондықтан галстук ұзақ уақыт бойы тозса да пішінін жоғалтпайды.
Ал ХХ ғасырдың ортасында қазіргі пішінді галстуктердің кең таралуына “The Beatles” тобы да үлес қосты.
Т. Раушанұлы