- Негізгі бет
- Мәдениет
- "Французша" сұлулық: Мінсіз...
"Французша" сұлулық: Мінсіз бейне адамды тез жалықтырады
Қазір интернет "жұлдыздар" лайфстайлының сәнге айналған заманында әйел адамдар олардың әр қадамын бағып, істегенін қайталап (мәнсіз, мағынасыз) қана күн өткізіп жатыр.
Қазір дейміз. Бірақ, бұл (образға еліктеу) бұрыннан бар дүние екені бәріне аян. Тек бұрын интернет орнында теледидар болатын.
Осы орайда ертеректе көрген бір деректі фильмнен естіген мәлімет есіме түсіп отыр. Марлен Дитрихтің атағы шарықтап тұрған кезеңде АҚШ-та ажырасу көрсеткіші күрт артқан көрінеді. Ер адамдарға жүргізілген сауалнамада олар өз жұбайларының Дитрихке мүлдем ұқсамайтынын алға тартады. Бұдан silver screen-нен түспейтін ұзын, арықша келген, суық сұлулығымен тәнті ететін әйел образы ерлер санасын жаулап алғаны байқалды. Ал, кішкене бойлы, толықша, көк көз сары америкалық әйелдер Марленнің қасында мүлдем ұтымсыз көрінетін. Осыдан кейін Америка экранда қарапайым америкалық әйелдерден айнымайтын әрі олардың кемшіліктерін әдемі көрсете алатын жаңа актриса керектігін ұғады. Ондай жұлдыз көп күттірмеді. Иә, Мэрилин Монро дәл осы саясаттың жемісі дегенге сенер ме едіңіз? Сенбеске шара жоқ. Осыдан кейін америкалық жұптардың ажырасуы бірден төмендеген деседі.
Яғни, экрандар орнына келген әлеуметтік желілерге дел-сал қарауға болмайды. Ол, ондағы танымал адамдар біртіндеп сананы улай береді. Әсіресе, ұстанымдарына берік емес (не, тіпті, ешқандай ұстанымы жоқ), жалт-жұлт еткен жылтырақ алдында әлсіз әйел адамдар көрсеқызарлықпен не болса соған еліктей беретіні анық.
Қызығатыны құнды дүние болса құба-құп, бірақ қазір қыздар инста-жұлдыз барған салонға барып, ол жапсырған кірпік пен қондырған тырнақты қайталап, киген киімі, жеген тамағын да аңдитын болып алды. Көшеде бір-бірінен айнымайтын мінсіз қыздар көбейіп кетті. Сырт келбетке қатысты белең алған осы перфекционизм шектен шығып бара жатқанға ұқсайды. Автобустан артық "әшекейі" жоқ қыз көрсек, сүйсіне қарайтын болдық. Себебі, сирек кездесетін құбылысқа айналып барады.
Әрине, сұлулыққа құштарлық күнә емес. Бірақ, жаһан өміріне IT жетістіктерінің енуі сол сұлулықтың не екеніне қатысты қате түсініктің қалыптасуына ықпал етіп жатқанға ұқсайды. Қыздарды табиғилыққа оралту мақсатында сән өндірісіндегі беделгі инфлюенсер бола тұра, өздері соңғы трендті "қуғаннан" гөрі, қарапайымдылыққа бейім француз қыздарының кеңестерін ұсынғым келіп отыр.
Жанна Дамас: "Мін — сенің ерекшелігің"
"Сән астанасы саналатын Парижде туып-өскен қыздар косметикалық өнімдерді өзгелер секілді бренд атауына қарай тым жоғары бағаға алып қиналмайды. Кәдімгі дәріханада сатылатын қолжетімділерін таңдайды. Оның үстіне, тек базалық, яғни, макияж сүртуге арналған су секілді нағыз керек нәрселер болмаса, артық дүниемен әуестенбейді", - дейді париждік сән-салтанаттың иконасына айналған Жанна Дамас. Оны "XXI ғасырдың Джейн Биркині" деп те атайды.
Жанна Дамас сұлулықтың сырт келбетке ғана қатысты еместігін айтады. Ол әсемдік ұғымына қатысты еш тілде баламасы жоқ "Шарм" сөзін келтірді. Яғни, адамның, әйелдің харизмасы оны өзгелер алдында хас сұлудай көрсететініне сенеді. Түрлі пластика мен жасанды "әшекей" жоқ шармды бере алмайды.
"Француз қыздары дене бітіміндегі кез келген мінді өзін өзге арулардан айрықшалап тұратын артықшылыққа айналдырудың шебері",- дейді Жанна.
Бұл бикештің өмірімен Rouje маркасының парақшасы арқылы таныстым. Киімге келгенде де, пафостан гөрі қарапайымдыққа бейім Жанна өзі иелік ететін брендтің әр көйлегін аса жоғары талғаммен тіктіреді. Нағыз өнер деп бағалауға тұрарлық.
Изабель Маран: "Мінсіз бейне адамды тез жалықтырады"
Француз дизайнері Изабель Маран үнемі мінсіз қалыпта жүретін болса да, сырт келбетіне "үлкен инвестиция" құймайтыны айдан анық байқалып тұрады. Ол әр жасанды кірпігін тарап, қандай да бір кездесу алдын салон мамандарына көмегіне жүгінетін, идеал бикеш бейнесін еске салмайды.
"Сұлулық сырт келбетте емес, ол ішкі үйлесімділікте. Егер сіз өзіңізді күтуге дағдыланған болсаңыз, аз ғана көз бояуы не қызыл далаптың өзі жетіп жатыр. Тек екеуін қатар қолданбасаңыз болғаны. Мен қай нәрсеге қатысты да тым перфекционист емеспін. Бәріне жеңіл қарау керек. Тағам даярлағанның өзінде де нақты рецептіге сүйеніп, әр қадамын тура жасамай, жәй көңіліңіз қалағандай жасағанды жөн санаймын. Бұл келбетке де қатысты. Мінсіз бейне адамды тез жалықтырады", - дейді Изабель.
Біздің қыздар салон, спа, медициналық орталық көмегіне апта сайын жүгініп, "жұлдыздардан" бір елі қалмайтын болса, Изабель Маран, тіпті, шаштаразға да бармай, шашын шәй ішуге келген құрбысына қидыра салады екен.
Макияжға келгенде баланс сақтаған жөн дейді. Нағыз француз ретінде Изабель қызыл далапты ұнатады. Көзіне табиғи тері түсіне жақын бояу пайдаланады екен. Оны қылқаламнан гөрі саусақтың ұшымен жеңіл-желпі жаға салсаңыз, жұртты жалықтырардай мінсіз көрінбейтініңіз анық. Тағы бір ескеретін жайт, ағартатын кремдердің бірінің үстіне бірін пайдалана бергенше, табиғи күнге күйген терінің қаншалықты әдемі көрінетініне мән берген дұрыс.
"Мен ешқашан косметологқа не спа салонға бармаймын. Маған біреу сұлулықты жапсырып береді деген далбасаға сенбеймін. Есесіне қолым босай қалса, өз-өзіме бьюти-ритуалдар жасап, лаванда эфир майы қосылған ванна қабылдаймын. Ал, жас ұлғайған сайын көбейетін әжім мен ағарған шаштарды ойлап көңілімді түсірмеймін. Бұл — өмір! Әдемі қартая білу де — өнер", - дейді ол.
Каролин де Мегрэ: "Адам мәңгі жас болмайды, 5-10 жылдан кейін осыған да зар боласың"
"Біле білгенге жастықтың өзі — сұлу. Француз қыздарының өздерін әлемдегі ең әдемі адамдай сезінетіні содан. Олар 5-10 жылдан кейін қазіргі барына да зар болатынын жақсы біледі. Аналары қыздарына мұндай кеңестер беруден жалыққан емес. Париждік қыздар бәрінен бұрын өз maman-дарын (французша "мама") стиль иконасына балайды. Кеңестерін санасына тоқып өседі. Менің шешем де күтінбеген теріні қандай қымбат көйлек те жасыра алмайтынын жиі айтатын. Бала кезімнен соған еліктеп теріге қажет түрлі крем, күтіну өнімдеріне әуес боп өстім. Бұл біздің қанымызда. Біздің мәдениет сондай",- дейді Каролин.
Қыз балалар өсіп келе жатқанда балғын жеміс-жидек жеуге, көп су ішуге, сондай-ақ, жаяу серуендеуге дағдыланады. Француз қыздары басқалар секілді спорт залға күнде бармаса да, дене-бітімінің мінсіздігімен танымал. Бұған себеп — жаяу жүру.
"Мен кездесуге машинамен шыққанның өзінде көлігімді діттеген жерімнен алысқа тастаймын да, 20 минуттай серуендеп барамын. Мұның тағы бір артықшылығы көңіл-күйіңді қалыпқа келтіретін қасиетінде. Ал, өз-өзін жақсы сезіну — сұлулықтың басты кепілі", - дейді де Мегрэ.
Карин Ройтфельд: "Ішкі болмысыңызды сырт бейнеңізбен көрсетуді үйреніңіз"
Егер бұл әлемде талай туындыда жырланған нағыз француз әйелінің жалғыз үлгісі болатын болса, ол – Карин Ройтфельд. Оның келбеті, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, бәрі-бәрі жанарды жаулап, жадыңда ұзақ сақталады.
Карин сұлулыққа қатысты сұхбаттарында. "Киім, сырт келбет әрқашан адамның кім екенін көрсетіп тұруы тиіс. Ыңғайлы әрі арзан деп кез келген киімді кие беру – үлкен қателік. Бірақ, сән қуудың да қажеті шамалы. Менің сәнге қатысты сөздік қорымда “ыңғайлы” деген сөз мүлдем жоқ. Жүріп-тұруға ыңғайлы киімдегі бикеш өзіне тән ерекшелікті жоғалтып алатындай көрінеді. Себебі балеткалар киген адам өзінің қалай қозғалатыны туралы ойламайды. Ал, биік тақалы әдемі туфли киген қыз бірден еңсесін тік ұстап, сырт көзге эстетикалық көркемдік сыйлайды. Себебі, тақа сіздің әйел адам екеніңізді ұмыттырмайды",-дейді.
"Бір қараған адамға менің бетімдегі макияжым ұқыпсыз жасалып, ал, шашым дұрыс сәнделмегендей көрінетіні анық.
Бірақ бұл – таңдау, мендік стиль. Себебі, сәл ғана немқұрайлылық маған ерекшелік сыйлайтындай көрінеді. Есесіне, мендік таңдау мен талғамды ешкім шатастырмайды. Қобыраңқы шаш пен ретсіз боялған көз – нағыз Carine Style екені барша сән өндірісіне мәлім" - деуінің өзі оның нағыз француздық лайфстайл ұстанатының дәлелі.
Карла Бруни: "Мен ештеңе де жасамаймын, бұл табиғи!"
Өзі француз болмаса да, француздар өмірсалтын берік ұстанатын (бәлкім жолдасы, Францияның 23-ші президенті Николя Саркозидің ықпалы бар шығар) Карла Бруни-Саркози де жоғарыда айтып өткендей әр қызға өз артықшылығын анықтауға кеңес береді.
"Адамдар, әсіресе, қыздар қауымы адамның кемшіліктерімен қатар, артықшылықтары да бар екендігін ұмытып кетіп жатады. Бұл тұжырым ішкі жан дүниеге де, сыртқы келбетке де байланысты. Сондықтан, киім таңдаған кезде, тек мүсініңіздің кемшіліктеріне ғана тоқталып көңіліңізді түсірмей, керісінше, өзгеден ерекшелеп тұратын тұстарыңызды ұтымды көрсете білуге тырысыңыз. Оларды киім, аксессуар, макияж арқылы үнемі бұрынғыдан бетер көркемдей түсіңіз", - дейді Карла.
Ол табиғат бергенді сый деп қабылдауға шақырады. Өзі сенген шындыққа, жұрт та сенері анық. Ешқандай пластика, макияж, бояусыз-ақ сұлу екенін түйсінген адамнан бұған қалай қол жеткізгенін сұрап, құпиясымен бөлісуін өтінетіндер болады, Карлаға да сондай сұрақтар жиі түседі. Мұндай жағдайда ол: "Мен ештеңе де жасамаймын, бұл табиғи!" - деп жауап береді екен.
А. Оралқызы