Жуырда Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров бастаған Академия делегациясы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында үш күндік жұмыс сапарымен Мәскеу қаласында болып қайтты. Сапар барысында Ресей Федерациясындағы белгілі өнер оқу ордаларымен арада білім беру және мәдениет саласындағы бірқатар келісімге қол жеткізілді.
21 наурыз. Біз мінген алып "Боинг" Шереметьево әуежайына таң алагеуімде қанат бүкті. Алғашқы әсер – әдетте өз қаласын жер кіндігі деп білуден кетәрі емес мәскеуліктер бүгін әлденеге бізге жылыұшырай қарайтындай болып көрінді. Ертең және одан арғы күні Кремль Сарайында өтетін біздің Димаштың қосқатар концертінің әсері емес пе екен деп қойдық. Әйтеуір бізге аншлагпен өткен әншіміздің концертіне қатысуға жер шарының ондаған елінен келген Димаш жанкүйерлерінің қатарында азиялықтардың аз болмауы себепті қалада біздің нәсілдестеріміздің басы молырақ сияқты болып көрінді.
Қонақ үйге орналасқаннан кейін, сапарымыздың бірінші күнінің жоспары бойынша алғашқы кездесуімізге бет алдық. Мәскеуде қыстың сызы кете қоймаған – қар аралас жаңбыр төпеп тұр. Машина нөпірімен аралас-құралас діттеген жерімізге – Поварская көшесіне де жеттік. Осындағы 30-36 үйде Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясы орналасқан. Бұл үй соғыстан кейін жоғары оқу орындары үшін арнайы салынған бірінші ғимарат болып саналады. Осыдан 124 жыл бұрын апалы-сіңлілі Гнесиндер ұйымдастырған музыка мектебінен өсіп шыққан, өнерсүйер қауым өзара Гнесинка деп атайтын бұл оқу орны мемлекеттік музыкалық-педагогтік жоғары білім беретін мекеме болып табылады. Ресейдегі музыка өнері саласында білім беру бойынша оқу-әдістемелік бағыттағы екі базалық жоғары оқу орнының біреуі (екіншісі – Мәскеу консерваториясы). Ал елде оқылатын әртүрлі музыкалық бағыттардың бүкіл мамандықтары шоғырланған бірден-бір институт. Институт деп аты айтып тұрғандай, Гнесинканың негізгі бағыты – педагогтік білім беру. Әдетте консерваториялар орындаушылар тәрбиелеп шығарады. Ал Гнесиндер институты болса музыкалық колледждерді жоғары білімді кадрлармен жабдықтап, осы олқылықтың орнын толтырып отыр. Институтта үздіксіз білім беру жолға қойылған. Яғни, колледж және академия жоғары және орта кәсібибілім беру бағдарламаларын қосып оқытады. Ерекше атап өтетін жағдай, ол білім беру саласында сарапшылық өкілеттілігі бар бірінші көркем жоғары оқу орны.
Институттың Кіші Ржев шолақ көшесінде өз концерт залы бар. Біз осы залды көріп шыққаннан кейін алдын ала сағат 11-ге жоспарланған бас ғимараттағы институт басшылығымен және профессорлық-оқытушылық құраммен өтетін кездесуге келдік. Академияның ректоры – Галина Маяровская Ресей еліне еңбегі сіңген қайраткер, профессор. Галина Васильевна Академияның Ресей ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігінде классикалық, дәстүрлі, эстрадалық музыка мамандарын және бакалавр, магистр, аспиранттар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны екендігін баса айтты. Кейінгі жылдары Академияға оның құрылымдық бөлімшесі ретінде мемлекеттік эстрада және джаз өнері музыкалық училищесі қосылған екен.
Кездесу барысында Гнесиндер академиясы мен біздің Академия арасында осыған дейін жасалған келісімшарт мерзімін ұзарту жөнінде әңгіме болды. Бұған қоса Гнесиндер академиясына біздің Жүргенов академиясынан екі магистрант, Мәскеуден бізге екі магистрант жіберіліп, айналы-мобильді оқыту әдісімен білім алмасатын болып келістік. Сонымен бірге биыл күзде Гнесиндер академиясында өтетін ғылыми-танымдық конференцияға біздің Академиядан оқытушылар барып, баяндама жасайтын болды. Үшінші бағыт нақты мәдени шараларға бірлесе қатысуды көздейді. Мысалы, жуырда осында вокалистер мен эстрада әншілерінің халықаралық фестивалі өтпекші екен. Фестивальға біздің Академиядан сала мамандарын жіберетін болып келістік. Сондай-ақ келіссөз барысында жуырда біздің Академияда ашылған Ұлттық өнер факультетіне қажет оқулықтар, нұсқаулықтар, тағы да басқа оқу құралдарымен жабдықтау жөнінде шешім қабылданды. Біздің Академия бойынша эстрада және ұлттық өнер факультеттерінде сабақ беретін жас маман оқытушылардың білімін арттыру, білігін жетілдіру проблемасы болғандықтан, біз тағылымдамадан өту бойынша да екіжақты келісімшарттарға қол қоюға ден қойдық. Енді жоғарыда аталған факультеттердің декандары бастаған маман оқытушыларымыз Гнесиндер академиясындағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнататын болады. Гнесиндер академиясында музыка, театр өнері бойынша білім беру әдістемесі әбден жүйеленген. Осы тұрғыдан келгенде бұл жолғы сапардың бізге берер көмегі көп болмақ.
Бүгін – ең қарбалас күн. Себебі екі бірдей үлкен оқу орнында болып үлгеруіміз керек. Оның біріншісі жоғарыда атап өткен Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясы болса, екіншісі сағат 3-ке белгіленген жоспардағы "Щука" – Борис Щукин атындағы Театр институты. Бұл өнер ордасы актерлік өнер және театр режиссурасы бойынша мамандар, театр өнері бағыты бойынша магистранттар және өнертану бойынша аспиранттар әзірлейді. Бұл өнер ордасының құрылғанына биыл 105 жыл толып отыр. Деректерге көз салсақ, 1953 жылдан бастап осында құрылған Ұлттық студияларда одақтық және автономиялы республикалардан келген студенттер топтары оқығандығын көреміз. Соның ішінде қазақстандық бірталай болашақ өнер майталмандары осында білім тиянақтаған.
Бізді Институттың ректоры Евгений Князев қабылдады. Оқу орнын ұзақ жылдар бойы белгілі драма және кино актері Владимир Этуш басқарып келген еді. Кейінгі жылдары ол тізгінді Евгений Владимировичке беріп, өзі институт жанындағы өнер мектебінің көркемдік жетекшісі болып қалған. Жақында дүние салды.
Орыс халқының ескі зиялыларының көзіндей, өзіндей Евгений Владимировичпен бірге институттың жалпы тыныс-тіршілігімен, білім беру үрдісімен танысып шықтық. Жаңа ғана жөндеуден өтіп тұрған оқу театрында болып, онда қойылатын спектакльдердің сапасына, көркемдік деңгейіне назар аудардық. Бұрынғы корпусқа жалғастырыла жаңа ғимарат салынып, іші жасақталған екен, оны да көрдік.
Жалпы Евгений Вахтангов атындағы Мемлекеттік академиялық театр жанынан құрылған Борис Щукин атындағы институт (1945 жылы бұрынғы училище ЖОО-на айналғанда оған осы мектепте ұзақ жыл сабақ берген Б. Щукиннің аты берілген) – ерекше институт. Оны әлемге әйгілі режиссер Е. Вахтангов алғаш құрған кезде "Бұл актерлерді әрі оқытатын, әрі тәрбиелейтін студия болады" деген екен. Яғни мұнда студенттер театр өнерінің әліпбиін спектакль қою барысында игереді. Содан бергі "щукиндік әдістеме" мынадай үш негізге аяғын берік тіреп тұр: актерлік шеберлік Вахтангов негізін салған қатаң қисындық дәйектілікпен игеріледі – принципі "қарапайымнан күрделіге қарай өту"; екінші курс түгелдей сахналық образға енуге арналады, принципі – "Өзге бол, бірақ өзің боп қал"; мектеп шашыраңқы шығармашылық шеберханалар жүйесінен бас тартқан – болашақ актер даярлау кафедралар бойынша жүргізіледі. Яғни 4-ші семестрден бастап әр курспен бүкіл кафедра болып жұмыс істейді. Принципі – "Баршасы барлығымен жұмыс істейді".
Осыған сай, айталық, актерлік шеберлік кафедрасының немесе режиссерлік кафедрасының оқытушылары кез-келген топтың сабағына кіріп, дәріс бере береді. Себебі мұнда жұмыстың бір ғана принципі, стилі, эстетикасы бар. Ол – Евгений Вахтангов пен Михаил Чехов талдап жасаған театр әдісі. Ол бойынша кез келген оқытушы курс өтіп жатқан тақырыпты кез-келген жерінен одан әрі жалғастырып кете береді екен. Өздері мұны "доступность" дейді. Бізше "қолжетімділік".
Щукин институты мен біздің Академия арасында сахна тіліне, сахна қозғалысына байланысты мамандардың, әсіресе мюзикл артисін даярлайтын мамандармен арада тәжірибе жинақтау, студент алмасу мәселелері бойынша уағдаластыққа қол жеткізіліп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Соңында Евгений Владимировичпен арадағы қазіргі театр жөніндегі пікір алмасуымыз өзінің эмоцияға толы қызулығымен есімде қалды.
22 наурыз. Бүгін – Ұлыстың ұлы күні. Бүкіл шығыс халқы, соның ішінде біздің Қазақстан да көктем шуағын ала келген осы бір мерекені тойлап жатыр. Ал біз бүгін де екі бірдей үлкен оқу орнына барып үлгеруіміз керек. Оның біріншісі М. Щепкин атындағы театр училищесі. Онда бізді ректор, әйгілі Борис Любимов күтіп отыр.
"Щепкинканың" толық атауы – Ресейдің Мемлекеттік академиялық Кіші театр жанындағы Михаил Щепкин атындағы жоғары театр училищесі (институты). Іргесі 1809 жылы қаланған, елдегі ең көне жоғары театр оқу орны. Ресейде ұлттық актерлік мектеп принциптерін жасаған, осы училищеде талай жыл сабақ берген Щепкиннің құрметіне қойылған.
Училище театр өнері және актерлік өнер бағыттары бойынша жоғары, жоғары білім алғаннан кейінгі және қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Түлектері төрт жыл оқығаннан кейін драма театры және кино артисі мамандығы бойынша білім алатын бұл оқу орнын бізбен туыстыратын бір нәрсе – құрылтайшысының Ресей мәдениет министрлігі болуы, біздің Академия да осындай жүйеде ғой. Екіншіден, жоғарыдағы Щукин институты сияқты Щепкин институты да қазаққа 1972-ші жылдары және 1978-шыжылдары театр өнері бойынша екі буын етіп ұлттық кадр дайындап берген. Институт ректоры Борис Николаеевич осылардың барлығын бізге мұрағаттық-тарихи деректер арқылы, дауысына мақтаныш араластырып отырып айтып берді. Мақтанса мақтанғандай, кезінде Щепкинканы бітірген түлектер бүгінде еліміздің өнер майталмандарына айналып отыр. Олардың ішінде Қазақ ССР Халық артисі Досжан Жанботаев, марқұм режиссер Жанат Хаджиев, Рашида Хаджиева, бүгінде Қостанай театрында еңбек етіп жүрген Ғайыпберген-Шахмардан Есенқұлов, Қарағандыдағы Асылзат Ахметқалива, Серік Бұлғақбаев, Сағызбай Қарабалинды айтуға болады. Борис Николаевичпен арада өткен әңгімеде театр өнеріне арнап ұлттық кадр даярлаудың тағаны тартылып қойған осы жүйесін одан әрі жалғастыру жайы да сөз болды. Әлбетте, мұның өзі мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе, дегенмен, екі елдің арасындағы мәдени қарым-қатынас жоғары деңгейге шығып тұрған қазіргі кезеңде Щепкин институты жанынан ұлттық студия ашу жөніндегі ойымыз профессор Любимов тарапынан қолдау тапты. Сол сияқты біздің тарапымыздан орыс тобы ашылатын болса, Ресейден келген кадрлар бізде қалып, орыс драма театрларының, өзге де этникалық театрлардың қызметін жандандыруға үлес қосар еді. Ал Мәскеудегі ұлттық топ өз кезегінде ол жақтағы театрлық актерлік әдістемені үйреніп, Кіші театрдың дәстүрін, актерлік мектеп элементтерін игеріп, бізге әкелер еді. Кездесу барысында М.С. Щепкин атындағы жоғары театр училищесі (институт) басшысы Борис Николаевич Любимовпен шығармашылық жөнінде келісім жасалды.
Жалпы Мәскеу оқу орындарынан бір байқағаным – оларда дәстүр мен жаңашылдық мәселесі бойынша қалыптасқан өзіндік бір принцип бар. Мысалы, біз кеше болып кеткен Щукин институтында ондағы педагогтардың көпшілігінің сол институт түлектері екендігін байқағанбыз. Осының жайын өздерінен сұрағанымызда, олар театрлық дәстүрді, сабақ беру мәдениетінің сабақтастығын тек осы жолмен сақтауға болады деп жауап берген-ді. Бір сөзбен айтқанда, щепкиндіктер де атақты Мейерхольдтың «Мектеп аққұла новацияларға үйретпеуі керек, мектеп дәстүрлерге үйретуі керек» деген қағидасын берік ұстанады, бірақ сонымен бірге жаңашылдықтан, эксперименттен де бас тартпайды, тіпті осы жолда оларға батылдық та тән. Сол сияқты мына Щепкин институты да орыс театрының дәстүрін сақтап, құндылығын жоғалтпай келе жатқан өнер ордасының бірі екен. Дәстүрді тұғыр еткен жаңашылдық. Қандай ғанибет десеңші! Ал біз соңғы кезде осы тепе-теңдікті бұзып алып, не классикаға тастай қатып айырылмай қаламыз, не таза андеграундқа көшіп аламыз...
Түстен кейін Щепкин институтына арнайы салынған ғимарат тұрған Неглинная көшесінен шығып, Тверская көшесіне бет алдық. Міне, осы бір тарихи көшенің бойындағы алтыншы үйдің жетінші құрылысы. Атақты Антон Чехов атындағы Мәскеу Көркем театры (МХАТ) жанындағы Немирович-Данченко атындағы Мектеп-студия (ЖОО). Соғыс түтеп тұрғанда, 1943 жылы құрылған. Бізді қабылдаған ректор Игорь Золотовицкийдің айтуынша, мектеп-студия негізінен актерлік, қойылымдық және продюсерлік бағыт бойынша маман дайындайды, оларға қоса театр суретшілерін, сахналық костюм бойынша суретші-технологтар, жарық қоятын суретшілер бөлімшелері бар. Бұл оқу орнының ерекшелігі, ондағы оқу-әдістемелік жүйесіне студиялық рух тән. Яғни, студенттерінің саны аз, соған сәйкес оқу сапалы. Драма актерін оқыту жақсы жолға қойылған, әсіресе Станиславский мен Данченконың театр әдісімен оқытатын бірден-бір оқу орны болып табылады.
Жалпы осы күндері менің бір байқағаным – театрлар жанындағы оқу орындары студенттер санын көбейтпейді. Мысалы Щепкин институтында бар болғаны 250-ге жуық студент оқиды, ал соларға 40-қа жуық профессор, 100 оқытушы сабақ береді. Яғни, профессорлық-оқытушылық құрам студенттік құрамның жартысына жетеғабыл. Мына мектеп-студияда да сондай жағдай – барлығы 280-дей студент, профессорлық-оқытушылық ұжым 100-ге тарта адам. Және бір ерекшелігі, актерлік мамандықта оқитындар қойылым қоюшылар мен продюсерлік мамандықта оқитындардан тізгін үзіп кетпейді: тиісінше 90×70×95. Мұнда Данченконың "Мектеп-студия көркемдік тұрғыдан МХАТ-тан автономды болуы тиіс" дейтін қағидатын ұстанады, соған сәйкес өзара мұраттас, идеялас жастарды жинап, студиялық рухта тәрбиелейді. Маған ерекше ұнағаны да осы болды.
24 наурыз. Сапарымыздың соңғы үшінші жұмыс күні ресейлік брендке – Ресей Театр өнері институтына (ГИТИС) баруымызбен айшықталды. Еуропадағы ең ірі театрлық жоғары оқу орны және әлем бойынша осы саладағы ең ірі оқу ордаларының бірі. Өзім 2010 жылы түлеп ұшқан оқу орны – осында оқып, театр өнері бойынша магистрлік ғылыми дәреже алып шыққанмын. Міне, өзім талай жүрген Кіші Кисловск шолақ көшесіндегі ғимарат – модерндік сәулет стилінде салынған үш қабатты оқу корпустарынан, факультет үйлерінен және бас оқу ғимаратынан тұратын ансамбль. Нысан Ресей халықтарының мәдени мұрасы тізіміне кірген, соған сәйкес мемлекет тарапынан қорғалады. Жалпы біз болған оқу орындарының қай-қайсысы да орналасқан ғимараттар осылайша мәдени мұра ретінде айрықша қорғауға алынған. Щепкин институты да, Гнесиндер атындағы академия ғимараты да сондай.
ГИТИС-те сегіз факультет бар. Оларда драма, музыка театрларының, эстрада және цирк режиссерлері, осы бағыттардағы актерлер, театртанушылар, балетмейстерлер, сценографтар, қуыршақ театры режиссерлері мен суретшілері және продюсерлер даярланады. Бұл жер жалпы әлем бойынша театртанушылар әзірлейтін бірегей оқу ордасы.
1878 жылы атақты Ресей музыканты П.А. Шостакович музыкалық-драмалық мектеп ретінде іргесін қалаған оқу орнына биыл 140 жыл толғалы отыр. Әлемнің өнерсүйер қауымына ортақ осы айтулы датаны Қазақстанда да атап өту жөніндегі министріміз – Арыстанбек Мұхамедиұлының тілегін жеткізгенімде, институт ректоры, белгілі театртанушы және театр сыншысы Григорий Заславский кәдімгідей қуанып қалды. Григорий Анатольевичті біздің тараптан жоспарланған шаралардың нобайымен таныстырдым. Ол бойынша Ресей тарапынан музыкалық, драмалық және эстрадалық спектакльдер қоятын үш топ бізге келіп, театрларымызда спектакль қояды. Сонымен бірге театртанушылардың арасында, актерлер мен режиссерлер арасында және эстрада, хореография саласы бойынша жоғары оқу орындарында бөлек-бөлек ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі. Олар шеберлік сыныптарына, тренингтерге ұласады. Ресей жағы сахна тілі, сахна қозғалысы, актерлік шеберлік, вокал, сценография саласы бойынша өткізілетін манағыдай қолданбалы дәрістерден бөлек, көрме ұйымдастырып, жалпы театр педагогикасы бойынша шыққан жаңа кітаптардың тұсауы кесіліп жатса ғанибет. Осыған дейін біздің Академия мен ГИТИС арасында келісімшарт бар еді. Жуырда Академияның бір топ жастары Ресейдің осы Театр өнері институтында өткен студенттер арасындағы XII Халықаралық дербес студенттік режиссерлік үзінділер конкурсына және конференцияға қатысып, «Режиссерлік қуаты үшін» аталымы бойынша жеңімпаз болып келді. Енді осы келісімшарт тағы бес жылға ұзартылды. Біздің ойымызша, бұл бесжылдық жоғары нәтижеде болуы тиіс. Менің пайымдауымша,биылғы қазан айының 7-12 аралығында Алматыда ГИТИС-тің 140 жылдығына арналған күндер өтеді. Бұл кәсіби мамандарды даярлаудағы артында ізі қаларлықтай көрнекі іс-әрекетіміздің белгісі болады деген ойдамын. ГИТИС-тен Асқар Тоқпанов, Әзербайжан Мәмбетов, Ерсайын Тәпенов, Әубәкір Рахимов, Асхат Маемиров, күні кешегі Самал Еслямова, театртану факультетінен Халила Сағатова, Жәмиля Мұхаметжанова, Сәния Қабдиева, продюсерлік факультеттен қазіргі Динара Кулебаева, ұлттық кадрлардан Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов, Қазақ Ұлттық өнер институтының проректоры Қымбат Тілеуова сияқты өнер қайраткерлері түлеп ұшқан.
Жалпы алғанда, үш күндік жұмыс сапары барысында жоспарланған нәтижелерге қол жеткіздік. Үш күнді ошақ қасында жатып өткізуге де болады, сол сияқты осы уақыт ішінде елдік, азаматтық талай істі тындыруға да болады екен. Барлығы да өзімізге байланысты.
Біз Мәскеуден осындай түйінді оймен аттандық. Аз да болса, саз сапар болды.
Жазып алған
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ