"Челси" отелі — Нью-Йорк қаласындағы ең атақты қонақүйлердің бірі. Кезінде оған жазушы Марк Твен, философ Жан-Поль Сартр, француз әншісі Эдит Пиаф, суретші Марк Ротко, прозаик Владимир Набоков, қылқалам шебері Фрида Кало, режиссер Стэнли Кубрик, музыкант Ник Кейв және өзге де адамдар тоқтап, бөлмеге тапсырыс беретін богеманың мекені болған екен.
Осыған байланысты "Челси" қонақ үйін "америкалық мәдениет мұражайы" дейді. Ол 1977 АҚШ тарихи орындары тізіміне еніп, мұндай категорияға өткен алғашқы қонақ үй болды. Бұл жерде ешқашан жолы тоғыспауы мүмкін ұлылар бас қосып, танысқа, кейін досқа айналып жататын.
Америкада Хэмингуэй толқынының атағы бәсеңдеген шақта әдебиет Олимпына келген beat-generation проза бағытының негізін қалаған Джек Керуак ең атақты "Жолда" ("On the Road") аталатын туындысын осы отельдегі бөлмесінде отырып жазған екен. Архитектуралық нысанға қатысты мұндай естеліктер өте көп. Оларға мақала соңына дейін әлі тоқталып өтетін боламыз.
Қонақ үйдің қазіргі жағдайына келетін болсақ, ол әлдеқашан жабылған. Қонақ қабылдамайды. "Челси" соңғы қонағын 2011 жылы 1 тамыз күні тіркеген екен.
Бір қызығы, 2018 жылы Guernesy's бәссауда компаниясы қонақүйдің 55 есігін аса бағалы дүние ретінде сатылымға шығарды. Олар кезінде Энди Уорхол, Джек Керуак, Джексон Поллок, Дженис Джоплин мен Боб Дилан сынды ұлы тұлғалар жиі тоқтаған бөлмелердің есіктері болып шықты. Оларды Джим Джордж есімді азамат өткізген. Ол отельде 2002 жылдан жабылған күніне дейін тұрақты мекендеген. Қонақ үй орналасқан нысанға реконструкция жұмысын жүргізуді қолға алған жаңа иесі барлық тұрғындарды қуып шығып, ескі есік-терезелерді қоқысқа тастаған.
"Қонақ үйдің есіктерін сақтап қалуға тырыстым. Олар "Челсиде" өткен керемет күндердің көзіндей. Мен отельді қатты жақсы көрем," - дейді Джим Джордж.
Ақыры, Джими Хендрикс, Боб Марли, Джон Бон Джови, Джонни Митчелл, Мадонна, Игги Поп, Дилан Томас, Теннесси Уильямс, Марк Твен, Хамфри Богарта мен Лиам Нисон тұрған бөлмелердің есіктерін құтқарып қалған екен.
Мекен-жайы: 6-шы және 8-ші авеню қиылысындағы 23-ші көшеде Манхэттеннің Челси кварталында орналасқан. 1884 жылы қызыл кірпіштен салынған 13 қабатты ғимарат.
Қызықты деректер:
- 2008 жылы Канн кинофестивалінде Абель Феррараның "Челси" атты деректі фильмінің тұсаукесері болды.
- 1912 жылы "Титаник" оқиғасынан тірі қалғандар осында орналастырылған екен.
- Ақын Дилан Томас 205-ші бөлмеде қайтыс болған. Соңғы сапарына осыннан аттанғандар қатарында "Құр өткен уикэнд" атты бестселлер авторы Чарльз Джэксон да бар.
- Джек Керуактың "Жолда" романы осында 36-метр қағаз рулонға жазылғанын айтқан едік. Артур Кларктың "Ғарыш одиссеясы" да отель бөлмесінде дүниеге келген.
- Энди Уорхолдың "Челсилік қыздар" атты фильмі бар. Атақты әнші Нико Chelsea Girl әнін осы фильмге саунтрек ретінде орындайды. Оның алғагқы альбомына да солай аталған.
- Отель туралы туындылар қатарында Леонард Коэннің "Chelsea Hotel #2" балладасы мен Джони Митчеллдің "Chelsea Morning" әндері де бар.
- Боб Дилан мен Эди Седжвик, Сид Вишес пен Нэнси Спанджен бір-біріне осы отельдегі таныстығынан кейін ғашық болған.
- Режиссёр Милош Форман Чехословакиядан эмиграция жасаған алғашқы жылдарында осында тұрған.
- Суретші Эльфаус Коул 112 жасына дейін осында тұрған. Соңғы сапарына "Челсиден" аттанған.