- Негізгі бет
- Мәдениет
- Елордада «Шаттық» халықаралық...
Елордада «Шаттық» халықаралық жас дарындар фестивалі өтеді
«Шаттық» халықаралық жас дарындар фестивалі шығармашылық биіктерге жол ашады. Осы жылғы шараның тақырыбы - «Астана, мен сені сүйемін». Бұл концерттік бағдарламаға Қазақстан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Әзірбайжан, Украина, Беларусь, Болгария, Қытай, Түркия, Чехия т.б. мемлекеттердің өнер өкілдері қатысады, деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық телеарнасы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық жас дарындар фестивалі шілденің 4, 5, 6 күндері «Қазақ елі» монументінің алдында өтеді. Қазылар алқасын КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова жетекшілік етеді.
Концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрады: күндізгі бағдарлама және кешкі бағдарлама. Күндізгі бағдарлама «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда бүлдіршіндерге арналғын «Балалар әлемі» енгізілді. Сүйікті ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдап, түрлі сайыс, эстафета, «Сиқырлы парашют» ойындарын ұйымдастыратын аниматорлар кішкентай астаналықтардың көңілін көтеретін болады. Сонымен қатар, сабынды көбіктер, сиқыршы-иллюзионистер, «серіппе адам», трансформер-роботтар және дәу динозавр шоуы өтеді. Қолөнер сүйер қауым үшін ашық хаттар, қолдан әшекейлер жасауды, түрлі-түсті құмда сурет салуды, ермексаз жапсыруды, гипс мүсіндерді құйып, бояуды, «Эбру» суында сурет салуды үйрететін шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.
Ал, кешкі шоу-бағдарламасына «X-фактор» мен «Қазақстан дауысы» жобаларының қатысушылары, иллюзионистер, әлемдік цирк алаңдарында танымал атанған Астана циркінің әртістері қатысады. Бұл мерекеге Ұлттық КВН лигасының көңілді тобы да әзілдерін ала келеді. Ал, әр концерт күні Айқын, Мәдина Сәдуақсова, Бауыржан Исаев, Алмас Кішкенбаев, «Кешью» тобы, Айгүл Иманбаева, Әли Оқапов, Индира Еділбаева, Кәмшат Жолдыбаева, Маржан Арапбаева сынды эстрада жұлдыздары халыққа өнерлерін көрсетеді.
Е. Жұмабайұлы