- Негізгі бет
- Мәдениет
- Елордада қуыршақ театрларының...
Елордада қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі өтіп жатыр
Астана күні аясында Eлордада қуыршақ театрлары фестивалі өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында Хозе Наварроның қуыршақ театрының "Қайшылардың ғұрыптық биі" атты қойылымы көрсетілді. Аталған туынды Перу халқының дәстүрлі қайшы биінің негізінде жасалған.
Перу қаласы қуыршақ театрының актері Хозе Наварроның айтуынша, фестиваль басқа мемлекеттердің мәдениетімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. "Мен Астанаға бірінші рет келдім, өте ұнады. Бейбіт, тыныш қала, архитектурасы да қызықты, адамдары да мейірімді", - деді ол.
Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі елордада 2 шілдеге дейін жалғасады. Сахнада Испания, Болгария, Эстония, Румыния, Татарстан, Тәжікстан, Сербия әртістері өнер көрсетеді.
Астаналық қуыршақ тетары директоры Тоғжан Хасанғалиеваның айтуынша, осы Халықаралық фестивальды үш жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. "Зал көрерменге лық толы. Осындай фестивальдар өте пайдалы әрі керек, себебі Қазақстан халқын, әсіресе балаларды өзге халықтардың мәдениетімен таныстыруға мүмкіндік туады. Балаларды ұлттық рухта тәрбиелеп, ұлттық мәдениетімізді үйретуіміз керек. Сонымен қатар, басқа халықтардың мәдениетімен таныстырған да дұрыс", - деді ол.
Е. Жұмабайұлы