ҚР Ұлттық музейінде «Ұлы дала Елі әлемдік өнерде» жобасы аясында австриялық суретші Питер Иохан Непомук Гайгердің «Ғұндардың аландармен шайқасы» атты картинасынан салынған кескіндемелік туындының презентациясы өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.+
ҚР Ұлттық музейі заманауи өнер бөлімінің арт-менеджері, суретші Асхат Ахмедияров аталмыш өнер туындысының ерекшелігіне тоқталды.
«Біз алғаш рет «Ғұндардың аландармен шайқасы» атты картинаны үлкен форматтағы кескіндеме ретінде салдық. Бұл туындыны жасауға 3 маман қатысты. Картинаны толығымен аяқтауға 5 ай уақыт кетті. Онда ғұндардың Еуропаны жаулап алу кезінде қыл арқанды қару ретінде пайдаланғаны көрініс тапқан. Бұл картинаның ерекшелігін көрсетеді», - дейді суретші.
Іс-шараға ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, ғалымдар мен суретшілер қатысты. Шара «Ұлы дала Елі әлемдік өнерде» жобасы аясында өтуде.
Айта кетейік, Питер Иохан Непомук Гайгер (1805-1880) Вена көркемөнер академиясын бітірген. Суретші көпшілік қауымға Австрия тарихын бейнелеуші ретінде танылған. Ол 1850 жылы өзінің Шығыс елдеріне жасаған сапарынан оралады. Сол елдердің тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен алған әсері негізінде Питер Иохан Непомук Гайгер еуропалық көрермендерге беймәлім шығармалар топтамасын дүниеге әкеледі. Осылайша, еуропалық суретші 1873 жылы «Ғұндардың аландармен шайқасы» атты графикалық картинасын салады. Бүгінгі таңда аталмыш көркем туындының үлкейтілген көшірмесі ҚР Ұлттық музейіне қойылды.
«Ғұндардың аландармен шайқасы» картинасының сюжеті ғұндар мен аландардың арасында болған тарихи шайқасқа негізделеді. Автор суретте экспрессия мен динамикаға толы сызықтар арқылы алапат ұрыс жағдайын шебер көрсете білген.
Дереккөз: bnews.kz