Өздеріңіз байқағандай, Диана ханымның өмірден өткеніне 20 жыл толуына байланысты Ұлыбритания мен өзге де елдерде ең мейірімді ханшайымды еске алу шаралары бірінен соң бірі өтіп жатыр.
Осы орайда оны соншалық жақсы көретін адамдарға жеке заттарын сатып алу мүмкіндігі де бұйырған болатын. Мысалы, күні кеше өткен RR Auction бәссаудасында Патшалық отбасы мүшесінің есімі ойылып жазылған күміс визиттік карта салғышы 20 974 АҚШ долларына өтті.
Оны кезінде Дианаға өз әжесі сыйға берген екен. Сыртында «Диана» деген жазуы бар, ал іші қымбат былғарымен көмкерілген. «Бұл заттарды қымбат қылатын олардың ыстық сентиментальды құндылығы», - дейді RR Auction бәссауда үйінің вице-президенті Бобби Ливингстон.
Саудаға салынған өзге де заттар қатарында Диана Швейцарияда оқып жүрген кезінде пайдаланған француз тілі сөздігі ($15 204), «D» әрібі таңбаланған күміс алқа ($8893), жасөспірім кезінде киген ақ жемпірі ($8572), металлдан жасалған қара сөмке ($7411), ол пайдаланған әтір құтысы ($6270), Гарри мен Уильямның суреті бар медальон ($6209) да болды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жолы HBO арнасы Диана ханшайым туралы деректі фильм түсіріп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Кейін сол түсірілім аяқталып, оның алғышқы трейлерін тамашалау мүмкіндігі де пайда болған. Ондағы негізгі әңгіме леди Дидің ұлдарының атынан айтылатындықтан, картинаға «Диана, біздің анамыз: оның өмірі мен мұрасы» деген атау таңдалған. Жобада Уильям және Гарри ханзадалар өздерінің тұлға болып қалыптасуына Диананың сіңірген еңбегі туралы әңгімелейді.
«Фильм Диананы жаңа қырынан танытады, біз оны өзгелерден артық білетін екі адамның көзімен көреміз», - дейді картина продюсері Ник Кент. Фильм премьерасы Диананың өмірден өткен күніне, яғни, тамыз айының 31 жұлдызында өтті. Қайғылы оқиға 1997 жылы Париж қаласында орын алған болатын.