- Негізгі бет
- Мәдениет
- Дайындықсыз басталған өмір...
Дайындықсыз басталған өмір
Үш баласы бар жас отбасы жайлы өмірді көксеп сонау Қордай елінен Алматыға көшіп келеді. Бейтаныс қала, жаңа өмір, жаңа таныс дегендей. Өмірдің осындай кезеңі көптеген отбасыларға таныс болса керек, сірә.
Алматы мен Астанаға көшіп келген әрбір үшінші отбасы әлгіндей жәйтті бастан кешірген болса керек. Жыл сайын бағым жана ма екен деген үмітпен жүздеген отбасылар мегаполистерге көшіп келіп жатады. Бірақ "тастай батып, судай сіңіп кету" оңай шаруа емес. Осы мақсаттың жолында кім де болса тұрмыс қиыншылығын бастан кешіреді, қиналады. Адам тұрмыс тауқіметін тек күле қарап жеңе алады.
Комедиялық сериал "Ата-Ана. Бала-Шаға" осындай отбасының өмірін көрсетеді. Сюжет ерлі-зайыпты Талғат пен Ләззаттың айналасында өрбиді. Бұлар өзіміз оқи алмасақ та балаларымыз оқысын деген ниетпен ауылдан Алматыға көшіп келген жандар.
Бұл жыл олар үшін қиын болды: бейтаныс қала, тұрмысы сан қилы бөтен адамдар.Осының бәрі жас отбасыны біраз әбігерге салып,талай күлкілі жәйттерді тудырады.Комедияның әрбір кейіпкері мінезге бай жандар. Сондықтан оларға тіл табысу өте қиын.Дегенмен отбасы өзара ынтымақтың арқасында ұрыс-керіске барыспайды.
Сериалдың бас кейіпкері Жәнібекті сомдайтын Махамбет Мырза, "Жетінші арна" арқылы көрермендерге "Петропавлдан келген бала" бейнесінде танымал болған еді. Ата-анасы, қарындасы мен інісі шағын қалашықтан Алматыға көшіп келеді. Көшіп келулеріне түрткі болған Жәнібектің анасы Ләззат. Ол өзі қызба мінезді болғандықтан жұмысын жиі ауыстыратын, кірісінен шығысы көп жан. Жәнібектің әкесі - Талғат. Отағасы қалаға көшіп келу үшін ауылдағы екіқабат үйін, бүкіл малын сатуға мәжбүр болады. Алматыдан үш бөлмелі пәтер алу үшін жиған-терген ақшасын алғашқы жарна ретінде құяды. Талғат "тиыннан теңге жиналады" деген ұстаныммен екі жерде жұмыс істейді. Тамақсау, етсіз отыра алмайтын кісі. Қаражатты өзі ұстап, пәтерақыны да өзі төлейді. Бас кейіпкеріміз Жәнібек үйдің үлкені болғандықтан қарындасы мен інісіне қарайды. Ата-анасы сапалы білім алсын деп Жәнібекті үздік гимназияға оқуға береді. Бірақ Жәнібектің өзі бұдан өзгеріс көріп отырған жоқ. Беймаза мінезінің кесірінен жаңа мектептің балаларымен шекісіп қалып, алғашқы күнді төбелеспен аяқтайды. Әрине, әлжуаз Жәнібек жеңіліп қалды,бірақ осы төбелестің арқасында өзіне жақсы дос табады. Жалпы бұл жыл Жәнібек үшін оңайға соқпады. Жаңа қоныс, айнала бөтен адамдар, жаңа мектеп, ол аздай орысшасы жетпей және қиналады. Осының бәрін Жәнібек 13 жастың сергелдеңі деп қабылдайды, өйткені ол алғашқы мүшелді толтырды. Отбасында Жәнібектен өзге Санжар мен әкесінің еркесі Айзере де бар.
"Ата-Ана. Бала-Шаға" комедиясы – бұл еліміздегі өскелең ұрпақ пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты бейнелейтін шынайы хикая. 19 қарашадан бастап дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 21:00 де "Жетінші арнадан" көріңіздер.