- Негізгі бет
- Мәдениет
- Бүгін Шәкен Айманов...
Бүгін Шәкен Айманов кинофестивалінің шымылдығы ашылады
Бүгін 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі шымылдығын ашады.
Өзіндік тарихы бар бұл шара бүгінде елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналғалы отыр. Оңтүстік астанада бұл жолы бас қосатын меймандар дүниежүзінің түпкір-түпкірінен келмек. Шара аясында әлемдік кинематографиядағы таңдаулы туындылар көрсетіледі. Отандық киноөндіріс саласының үлгілеріне дайындалған арнайы бағдарлама бар. Сонымен қатар түркітілдес мемлекеттердің киноларына да баса назар аударылмақшы.
Шәкен Айманов ХКФ – "Шәкен жұлдыздары" атты фестивальдің заңды жалғасы. Көпшіліктің есінде ол жас дебютанттардың туындыларын қарайтын фестиваль ретінде қалды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі болатын. Уақыт өте келе фестиваліміз өркендеп, құлашын жая түсуде. Мінекей, биыл ол мүлдем жаңа форматта көрініс тауып отыр. Жаңарған кинофестивальдің басты концептуалдық идеясы - Орталық Азия жүрегі - Қазақстанда түркі әлемі кинематографистерінің басын біріктіру. Тарихқа көз жүгіртсек, түбі бір түркітілдес халықтар арасында мәдени байланыстың тамыры ықылым замандардан жалғасып келеді. Сондықтан бұл жалғастықты жаңа деңгейге көтере отырып, қайта жандандыру - уақыт талабы.
Сонымен қатар, Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалі киноөндіріс саласында халықаралық байланыстарды дамытып, ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін жолға қоюды көздейді. Ауқымды мәдени шара аясында шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік дәрістер ұйымдыстырылып, оған әлемдік кинематография саласында өз орны бар талант иелері қатысады.
ХКФ конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Оларға Шәкен Аймановтың картиналарының атаулары берілген. Мысалы, "Тоғысу" бөлімінде көрермен дүниежүзіне танымал толықметражды картиналарды көріп, тамашалай алады. "Атамекен" – бұл түркі халықтары фильмдерінің байқауы, ал "Біз осында тұрамыз" бөлімінде қазақстандық киноленталар қаралып, үздік туындыларға ҚР кинематографистер Одағының "Құлагер" ұлттық премиясы беріледі.
Көрермендергеарналған конкурстан тыс бағдарламаның да ауқымы кең. Онда дүниежүзіне танымал классикалық киноленталардан бастап ірі халықаралық кинофестивальдардың жүлдегерлеріне дейін кездеседі. Сонымен қатар, қазақстандық және шетелдік киномайталмандардың қатысуымен олардың ретроспективасы көрсетілмекші.
Фестивальдің президенті – КСРО Халық әртісі, отандық және кеңестік кинематография саласында аты аңызға айналған тұлға - Асанәлі Әшімов.
"Мұндай кинофестивальдар халыққа өте керек. Өйткені кино өнері – ең біріншіден халықтың еншісіндегі дүние. Кинофестивальді жоғары деңгейде абыроймен ұйымдастыратынымызға сенімім мол. Бұл қазақ киносының тарихын, оның мәртебесін көтеріп, бізге өз ұстанымы бар басыбайлы ел болудың жолын нұсқайды",- деді Әшімов.
Кинофестивальдің бас директоры- қазақстандық танымал кинорежиссер, ҚР Кинематография Одағының төрағасы Ермек Тұрсынов: "Біздің мақсатымыз - саналы көрерменді қайтару. Біз оған қолындағы попкорнын ұмытып кететіндей кино көрсетуіміз керек. Көрерменнің талғамына аяқасты қарамай, онымен сапалы кинотілде сөйлескеніміз абзал. Мен шынайы өнер деп айтуға тұрарлық нағыз киноны меңзеп тұрмын", - деді.
Кинофестивальдің көркемдік жетекшісі - Диана Ашимова:"Биыл біз кинофестивальдің ребрендингімен айналыстық, концепциясын, атын өзгерттік. Бұрын бұл кинофестиваль, негізінен, жас кинематографистерді қолдауға бағытталған болатын, енді, бұл кез-келген жасты немесе аумақтық шекараларды талғамайтын кәсіби кинокөрмеге айналғалы отыр. Әлемнің 90 елінен 300-ге жуық өтінім келіп түсті, соның ішінен 45-ке жуық картиналар көрермендерге және халықаралық қазылар алқасына ұсынылатын болады. Үш негізгі бағдарламадан басқа, көрермендерді ірі халықаралық кинофестивальдерде жүлдегер атанған картиналар жиналған әлемдік панорама қызықтыратыны сөзсіз. Сонымен бірге, көрермендерді қазақстандық фильмдердің премьералары, сондай-ақ, отандық және шетелдік кинематография шеберлерінің туындылары күтуде", - деді өз сөзінде.
Фестивальдің қабылдау комиссиясының төрағасы - атақты қазақстандық киносыншы, "Олег Борецкий киноклубының" негізін салушы Олег Борецкий.
"Фестивальдің халықаралық бағдарламасына қатысу үшін 53 картинадан 11-і таңдалып алынды, оның ішінде Түркия, Иран, Перу, Оңтүстік Африка, Куба, Еуропа елдері және бір қазақстандық фильм бар. Таңдалған фильмдер коммерциялық емес, фестивальді бейнедегі маңызды шығармалар болып табылады", - деді Олег Борецкий.
А. Оралқызы