- Негізгі бет
- Мәдениет
- Бүгін Қазақстанның еңбек...
Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова 100 жасқа толды
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова 100 жасқа толды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Хабиба Қарақбайқызы Елебекова 1916 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Театр өнері майталмандарының бірі қазақтың басынан өткен небір нәубет жылдарды өз көзіммен көрген жандардың бірі.
Мұхтар Әуезовтің "Абай" драмасындағы Қаныкей бейнесін сексенге келгенше сомдап, 55 жыл сахнадан түсірмеді. Сонымен қатар, Гогольдің "Ревизорындағы" Пошлепкина тәрізді жағымсыз кейіпкер ролін 37 жыл бойы көрерменге ұсынып, 95 жасында сахнамен қоштасты. Ол театр өнерінде 70 жылдан аса қызмет еткен.
100 жасқа келген кейуана әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековтің жары. Бүгінге дейін жұбайы туралы туралы бірнеше кітап та жазған. Сондай-ақ, мәдениет саласының үздігі 100 жасында "Қазақфильм" киностудиясынан киноға түсуге шақырту алған. "Театрға17 жасымда келдім. Театр - менің қарашаңырағым", - деген еді актриса "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, әйгілі актриса қазақ театры тарихында ғасырлық мерейтойын тойлап отырған алғашқы адам екен. Әуезов театрының 90 жылдығы Елебекованың мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен дәстүрлі түрде өтетін "Театр көктемі" фестивалі Хабиба Елебекованың мерейтойына арналыпты.