Фестивальдың ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және бұл шара бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Бұрын фестиваль «Дарындарға ғасырлар бағынады» деп аталатын. 2012 жылы уақыт талабына сай оның форматы, атауы өзгеріп, міндеттері кеңейді. Фестивальді өткізу форматына интерактивті түрде мәдени біліммен алмасу, бейресми әңгімелесу принциптері енгізілді.
Фестивальдың міндеттері: ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау, жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау, жастар арасындағы мәдениетті дамытуға жәрдемдесу, жас дарындардыңшығармашылығын дәріптеу болып табылады.
Фестивальдың негізгі бөлімі Қордың ғимаратында өтті. Қазақстандық және шетелдік фотографтар мен суретшілердің көрмелері, перфоманстар және түрлі жанрдағы әртістердің қойылымдары және әртүрлі шығармашылық бағыттағы жас мамандардың лекциялары болды.
Бұл шараның аясында сондай-ақ «киномайктер» жобасы таныстырылды. Киномайктер – бұрынғы кездегі пір тұтатын кино майталмандарына деген сүйіспеншілікті бейнелейтін жоба. Бұл жұмыстардың көрмесімен қатар кеңес дәуіріндегі кинематографтың тарихы жөнінде шағын экскурсиялар, қызықты викториналар мен мастер-класс өтті.
Фестивальға қатысуға келген жастардың көбісінің риза болған себебінің бірі – пленэр. Таза ауада сурет салу сабағы өтіп, оған барлық қажетті құрал-жабдықтар берілді. Сурет салуға көптеген жастар ниет білдіріп, әртүрлі пейзажды бейнелеп, өнерлерін көрсетті.
Фестивальдың ашылу салтанатында белгілі композитор, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Қуат Шілдебаевтың көркемөнер көрмесінің тұсаукесері өтті. Қуат ағамызды құттықтауға, қолдауға жақын адамдары келіп, бірер сөз айтып, сыйлықтарын табыстады.
Сондай-ақ ашылу салтанатына музыкант, продюсер, “A-Studio” тобының тұрақты қатысушысы Байғали Серкебаев қатысып, жастардың шығармашылығын қолдайтынын айтып өтті.
Бұл шараның аясында 3 сессиялы мастер-класстар ұйымдастырылды.
Алғашқы сессиясында Байғали Серкебаев, Рүстем Абдрашев, Симоне Латтанцио, Настя Гончарова атты спикерлер жастармен мәдени білім алмасу тәжірибесін өткізді.
Байғали Серкебаев мастер-класын The Jigits тобының әніне рояльмен қосылып ашты. Бұл жас топ Байғалидың, “A-Studio” тобының танымал әндерін попурри түрінде орындады. Байғали Серкебаев өзінің музыка өнеріне келу жолын, жас орындаушылардың дауысын қою, өнерін көрсете білу туралы әңгімеледі.
Рүстем Абдрашев – бізге кино өнерпазы, режиссер ретінде белгілі адам. Рүстем жастарға ұлттық «Кинематограф жаһандану контекстінде» деген тақырыпта сөз сөйлеп, мастер-класс өткізді.
Симоне Латтанцио – Италия көркемөнер сыншысы, көркемөнер жобаларының кураторы. Ол «Фотосурет екі түрлі табиғат ретінде» атты тақырыпты өозғап, жастардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің білімімен бөлісті.
Марат Омаров – Қазақстанда Вена балының ұйымдастырушысы, Eventica компаниясының негізін қалаушысы, Алматы әкімінің инновациялар жөніндегі кеңесшісі. Марат жастарға идеяларды монетизациялау жолын түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді.
Сәуле Сүлейменова – суретші, график, көркемөнер жобаларының авторы, өнертану магистрі. Сәуле «Бейнелеу өнері мен фотосуреттердің өзара байланысы» тақырыбында дәріс оқыды.
Катерина Суворова – Мәскеудің сценаристер мен режиссерлерінің жоғарғы курсының және Вернер Херцогтың айлакерлер Кино-мектебінің түлегі. Әлеуметтік вирустық бейнежарнама деген не, ол қалай пайда болды деген сұрақтарға жауап беріп, жарнама адамның бір-бірімен дербес хабарласуы арқылы адалдықты сақтай отырып, өзіне вирустық тарату заңын қалай қабылдап алғаны туралы әңгімеледі.
Дина Нурпеисова (Дина Нур) – музыкант, диджей, «Spirit of Tengri» этно-фестиваліне қатысушы. Дина «Этника және клубтық мәдениет» деген тақырыбы аясында сөз сөйлеп, этно-электронды музыканы тартымды етуге ықпал ететін нәрселер жайлы айтты. Тәжірибе жүзінде жастарға этно-электронды музыканы қойып, дәрісті де қатар жүргізді.
Фестиваль мастер-класстар сессияларын Олег Юзефпольский жапты. Ол дәстүрлі түрде емес, дәрісін бимен ашты. Көмекшісінен ән қоюды сұрап, жиналған қонақтарды биге шақырды. Сондағы айтқаны: «бар болғаны төрт-ақ минут, тұрыңыздар, билеңіздер, ұялсаңыздар, бәрін ұмытып, көздеріңізді жұмып билеңіздер, қане!». Мұндай атмосфера, расында да, адамға шеңберінен шығып, босаңсуға көмектеседі екен. Олегтың қозғаған мәселесі «шабыт» еді. Адамға шабыт қалай келеді, неге және оның адам өміріндегі рөлі жайлы сөз сөйлеп, қонақтарға үлкен әсер етті.
Бұл шарада сонымен қатар перфоманс пен Қазақстандық жас фотографтар мен Ұлыбритания, Италия фотографтарының бірігіп жасаған "Түркістан" фотожобасы және Қазақстандық және Грузин, Ресей, Америка суретшілерінің "Әйел образы" көрмесі өтті.
Бұл фестивальды ұйымдастыруға, өткізуге қырық шақты волонтерлер қатысты. Олардың көбі Т.Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенттері екен. Олар да өнерді түсінетін жастар болғандықтан аталмыш шараның жақсы өтуіне ат салысты.
Мастер-класстар аяқталған соң, фестиваль қонақтарын концерт күтті. Жастардың шығармашылығын қолдау шарасы жоғары дәрежеде өтті деген ойдамыз.
Арнайы Massaget.kz үшін: Фариза Әбілова
Сурет: Massaget.kz