Бүгін қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл толды. Осы орайда Массагет порталы "Бір суреттің тарихы" айдары бойынша Әбілхан Қастеевтің "Жас Абай" картинасына тоқталады.
Даланың кемеңгер перзенті, қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл, ғалым, ағартушы Абайдың есімі бүкіл әлемге белгілі. Оның жалынды өлеңдері мен лирикалық жырлары, философиялық көзқарасы, тәлім-тәрбиелік сөздері мен ойлары қасиетімен, тереңдігімен адам жүрегінде жаңғырады. Белгілі суретші Ә. Қастеев туындысында да осы ойлар алдын ала салынғандай. «Жас Абай» суреті Абайға арнап салынған басқа портреттерден ерекшеленеді.
"Алдымызда тұрған Абай Құнанбайұлының портреті 1945 жылы салынған. «Жас Абай» деп аталады. 1945 жылы Абай суретіне арналған республикалық байқау өтеді. Сол байқауда Әбілхан Қастеев туындысы – "Жас Абай" ерекше көзге түскен. Себебі, барлық суретшілер Абайдың егде жастағы портретін салып шыққан, ал, Қастеев қана ерекшеленіп Абайдың 15-16 жастағы жеткіншек шағын бейнелеген. Мұхтар Әуезов романындағы 1-томындағы "Қайтқанда" тарауын оқысақ осы жас, білімге ұмтылған Абайды көреміз", - дейді Әбілхан Қастеев атындағы музейлік педагогика және жобалау қызметінің маманы Бекбаулиева Гүлденай.
Бүкіл шығармашылық ғұмырында Ә.Қастеев Абайға арнап отызға жуық картина салған. Бірақ 1945 жылы салынған "Жас Абайдың портреті" Қастеев шығармашылығындағы маңызды кезең. Ол жас жігіттің жарқын, есте қаларлық бейнесін жасай білді, және жас ақынның әлі ашылмаған мүмкіндіктерінің күші мен қуатын суреті арқылы көрсетті.
"Жалпы, Қастеев осы картинаны салу барысында тікелей Мұхтар Әуезовпен әңгімелесіп мағлұмат жинаған. Қастеев қандай сурет салса да алдымен көзіқарақты, білгір адамдардан сұрап салатын болған. Осы «Жас Абай» суретін саларда да Мұхтар Әуезовпен сұқбаттаса отыра және романын оқып салып шығады. Сонымен бірге Абайдың аулына барған екен", - дейді музей маманы.
Бұл картинада жас Абай кітап оқып, одан алған ойын алысқа қарап қорытып тұрғандай көрінеді.
"Жеткіншек Абайдың портретіне қарасақ көзқарасының өзінен жалынды байқауға болады. Кітапты жаңа ғана оқып болып, көкжиекке қарап ойланып тұрған жас жігітті көреміз. Осы портрет сол уақытта жүлделі орын алған", - дейді Бекбаулиева Гүлденай.
Айта кетейік, Әбілхан Қастеев (1904 —1973 жж.) – қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Мәскеудегі көркемсурет студияcында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алған (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген. Оның "Мектепте" (1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Амангелді сарбаздары" (1970), "Жас Абай" (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіресі іспеттес.