Биыл орыс портретисі Иван Николаевич Крамскойдың туғанына 180 жыл. Оның туындыларында сол заманның белгілі адамдары бейнеленген және олардың әрқайсысы өнерсүйер қауымға жақсы танымал. Тіпті, "Бейтаныс аруының" өзі де айтарлық таныс.
Аталған картина Крамской шығармашылығында ғана, барша әлемде ең көп таралған туынды. Өнер әлемінің құпияға құштарлығына орай картина атауы көпшілік көңілін бірден аударды. Бірақ, бір қызығы, картина қанша атақты болғанымен, "Бейтаныс ару" сол бейтаныс күйінде қалды. Оның кім екендігі туралы түрлі аңыздар әлі күнге дейін ел кезіп жүр. Солардың кең таралған бесеуіне тоқталып өтейік:
1. Бірінші болжам бойынша, картинада дворянға тұрмысқа шыққан Матрена Саввишна есімді қарапайым крестьян қыз бейнеленген. Крамской онымен алғаш рет Санкт-Петербор қаласында жолығып, сұлулығына тәнті болады. Кейін оған картина арнайды деседі.
2. Белгісіз аруға қатысты әдеби болжам да жоқ емес. Картина салынардан бірнеше жыл бұрын орыс әдебиетінің жақұты "Анна Каренина" романы жарық көрген болатын. Басты кейіпкердің бейнесіне еліткен қылқалам шебері атақты картинасын роман ықпалымен жазды деп те айтады. Кейбіреулер суретте Достоевскийдің "Идиотындағы" Настасья Филипповна бейнеленген дейді.
3. Крамской заманының сыншылары картинада жиынтық образ бейнеленгеніне сенімді. Олар сол кезде "қымбат камелия" деген атаумен белгілі, яғни, бай кавелердің шотына өмір сүретін "үлкен қаланың тумасын" көретінін жазған.
4. Кей гипотеза бойынша суретші портретті өз қызы Софья Крамскаядан сызған екен. Мұндай болжам жасауға себеп – суреттегі ару келбетінің суретші қызына арнаған картиналарына қатты ұқсас болуы. Мысалы, олардың қатарында "Мысық ұстаған қыз" картинасы да бар.
5. Соңғысы ең романтикалық болжам десек те болады. Бұл пікір Игорь Оболенскийдің "Сұлулық тағдыры. Грузин әйелдер өмірі" атты кітабында жазылған. Оның ойынша, белгісіз ару – Александра І-нің фавориткасы княжна Варвара Туркестанишвили. Таңдаулысы тұқымын жалғар мұрагер тауып бере алмағандықтан уақыт өте императордың сезімі суып кетеді. Қыранынан көңілі қалған ару өз-өзіне қол жұмсайды. Хас сұлудың қатал тағдыры қылқылым шеберін картина жазуға итермеледі дейді кітап авторы.