Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету – бүгінгі бір парызымыз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жастар арасында бард стилін, соның ішінде Табылды Досымовтың әндерін насихаттап жүрген Тәуірбек Бозекенов жайлы білеміз бе? Оның жетістік жолы қандай?
Атыраулық Тәуірбек Бозекенов республикалық телеарналарда біраз жыл қызмет атқарып, қазір туған жерінде тұғырын нықтап, журналист болып жүрсе де қолынан гитарасын тастамай, бард стилін шама-шарқы келгенше насихаттап жүрген жастардың бірі де бірегейі.
Негізі гитарамен ән айту дәстүрі соңғы кездері жоғалып бара жатыр. Қазіргі таңда біраз жастар бар аулада, жатақханалардың алдында гитарасын сабалап эстрадалық әндерді айтып жүрген. Бірақ оны гитарамен ән айту дәстүріне толыққанды кіргізуге болмайды, оны көше әні деп қарастырады. Ол бөлек жанр боп есептеледі, - дейді.
Тәуірбек қазақ жеріндегі гитарамен ән айту дәстүрін де зерттеп көрген. Өзі ойша 4 мектепке бөліп қарастырады.
Ең бірінші мектеп – Семей өңірінің мықты гитарашысы, қазақтың дәстүрлі әндерін гитараға салып орындағанда шеберлігіне шет қараған адам да таңдай қақпай тұра алмайтын Мақсұтхан Диханбаевтың мектебі. Оның шәкірттері бард стилінде ән жазып, шырқап жүрген елге танымал Қадырғали Көбентай мен Ершат Қайырхандар. Одан кейінгі екінші мектеп – 12 ішекті гитарада шертіп орындау дәстүрін алып келген Қарағанды өңірінен шыққан Қорабай Есеновтың мектебі. Оның шәкірті Сейіл Аяған деген кісілер. Үшінші мектеп – Батыс өңірінен шыққан, лиро-бард стилін қалыптастырған Табылды Досымовтың мектебі. Төртіншісі – эстрадада гитарамен ән айту мектебін енгізген, алты ішектің арланы атанған Зәмзәм Дәуітов. Оның шәкірті қазаққа кеңінен танымал Нұрлан Өнербаев. Гитарада ән шырқау дәстүріндегі негізгі осы 4 мектеп бар, - дейді.
Тәуірбек бүгін де гитараға деген құрметін жоғалтпаған және кез келген жерде Табылдының әндерін насихаттап, бард стилін түсіндіруден жалыққан емес.
Өзім бағана атап өткен 4 мектептің ішінде рухани ұстазым болған, бір жағы жерлесім Табылды Досымовтың мектебінен сусындадым. Өзімше Табылдыға еліктеп студент кездерде әндер де шығардым. Бір қызық оқиға айтайын, ауылда жүргенде Табылды Досымов бард әнші деп емес клубта істейтін үлкен, біз жақта нән дейді, сол нән ағай дейтінбіз. Кейін Алматы қаласына ҚазҰУ-ға оқуға түскен жылдары қолыма гитара алдырған Табылды Досымовтың қазасы еді. Бір түнде 3 әнін үйреніп алдым. Содан бері насихаттауымды үзген емеспін, - дейді.
Бүгінде қазақ эстрадасындағы біршама әншілер Табылды Досымовтың әндерін шырқап жүр, яғни әндері эстрадаға бейімделіп келеді. Әйтсе де, Тәуірбек Бозекенов бард стилін эстрадаға алып келу дұрыс емес деп қарсылығын білдірді.
Болашақта бард стилі жойылып кете ме деп қорқамын. Себебі, қазір Табылды әндері біртіндеп эстрадаға икемделіп келеді. Ол деген - бард стилі мүлде жойылды деген сөз. Жалпы кез келген жанрға кәсіби музыканттар құрметпен қарауы тиіс деп есептер едім. Құрмет болмағаны сол, ойы бар бард стиліндегі әнді эстрадаға алып келіп ойнақы ғып жіберген. Әр жанр өз ерекшелігімен мықты, бірін-біріне қосып, екіншісін өлтіруге мүлде болмайды. Егер автор өз рұқсатын берсе онда әңгімем жоқ, ал өз бетінше икемдей берсек ішкі толғаныс пен рухын құртып тастаған болар едік, - сөзін түйіндеді.
«Тәуірбек студент кезінен гитарасын арқалап алып, айналасын әнге бөлеп жүргенді жақсы көретін. Артынан біраз ізбасарлары гитараға әуестеніп, Табылдының, тіпті Тәуірбектің әндерін жаппай орындай бастады. Кейінгі оқуға түскен ізденушілер де сол әндерді анда-санда өз орталарында айтып жүргенін байқап қаламын. Кезінде Табылдының өзі ҚазҰУ қалашығында студент жастар арасында кеңінен танылып, қаншама естеліктерді әнімен арқалатып кетті. Сол сияқты Тәуірбек те өз буынының барды атанды. Қай салаға салсаң да салғырттық танытпайтын шәкіртімнің қазақтың мұңын, қазақтың жүгін арқалайтынына сенемін, оны дәлелдеп те жүр» - дейді студент кезіндегі ұстазы Жолдасбек Мәмбетов.