- Негізгі бет
- Мәдениет
- Бесінші сезім: Жұпар...
Бесінші сезім: Жұпар жұмбағы
"Адамзаттың сасығын жиып алып, жұпар еткен шөптердің өмірін-ай!.."
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
"Ол жұпардың тереңіне сүңгіп, соңғы тамшысына дейін құмары қанбай емірене жұтатын кеп"
Патрик Зюскинд, "Парфюмер"
Парфюмерия өнеріне қатысты мақалалар желісін жазғым кеп жүргелі көп болды. Адамзат қашаннан әтірге құмар, алғашқы "дуашы" кім, әр әтір-симфонияның құрылымы, шедеврді шарап гурмандарындай алғашқы нотадан-ақ ажырата білу, жұпарлар тарихының аңызына айналғандардың мәдениетке әсері, жұпар-жырлар, көркемсурет пен өзге де өнер салаларындағы бесінші сезім символикасы... сынды тақырыптар қызықыратын. Енді жоба қолға алынды. Желіге кіріспе мақаланы назарыңызға ұсынамыз.
Бесінші сезім
Дәм, есту, көру, иіс және құмарлық — мына сұлу әлемнің бар ләззатын сыйлайтын сезімдер. Латын тілінде "денсаулық" сөзінің баламасы саналатын SALUS пентаграммасы осы 5 сезімнің алғашқы әріптерінен ("дәм" — sensus, "есту" — auditus, "құмарлық" — libinis,"көру" — visus, "иіс, жұпар" — spiritus) құралған.
Қайта өрлеу дәуірінде гуманистік идеялар көкірек жарып, адамның физиологиялық ерекшеліктері де негізгі нысанға айналған кезеңде осы бес сезім түрлі құбылыстар мен түсініктер квинтэссенциясын жеткізуде баға жетпес аллегория әдісі арқылы өнер салаларында көрініс тауып отырды.
Герард де Лересстің "Бес сезім аллегориясы"
Мысалы, көркемсуретте аллегория ретінде әйел бейнелері пайдаланылатын. Герард де Лересстің "Бес сезім аллегориясы" атты картинасында әр сұлу — бір сезімнің символы. Біз әңгімелеп отырған бесінші сезім - Spiritus әдетте гүл не өзге флористикалық жұпарлармен ассоциаланады.
Әзірге бейнелеу өнері жақұттарындағы Spiritus символикасын тамашауды кейінге қалдырайық, себебі оған арнап бөлек мақала жариялайтын боламыз. Бұл "Бесінші сезімге" берілген қысқаша түсініктеме болатын, енді атын анықтасақ, затына көшейік.
Жұпар – естеліктердің ең қанық түрі
Танымал америкалық жазушы Анна Квиндлен Short Guide to a Happy Life (Бақытты өмірге арналған шорт-гид) кітабында "Теңіз үстінен қалықтай ұшқан қызыл құйрық құйғын не сол жақтан соққан тұзды бриз иісін сездірмейтін өмірді сүрдің не, сүрмедің не?! "- дейді.
Театр және кино режиссері, әдебиет сыншысы, өз кезеңінің атақты жазушысы, өзім сүйіп оқитын Сьюзен Зонтаг естеліктерінің бірінде жаңа шабылған шөп пен жуылған кірдің иісін құштарлана сіміретінін жазған болатын.
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, сүйікті романым "Ашу дәндерінің"(The Grapes of Wrath) авторы, америкалық прозаик Джон Стейнбек "Эдемнің (Жұмақтың) шығысы" (1952) атты туындысында былай дейді: "Бәлкім осыған дейінгі өмірің түнектің түбінде өткен шығар. Ал, енді қарашы! Шегірткенің шырылының өзіне тамсанып, топырақтың буырқанған жұпарына балқисың. Жапырақтар арасынан сығалап қана қараған күн сәулесі де жұмсақ алақанымен жүзіңнен сипағандай".
Венди МакНотонның "The Essential Scratch and Sniff Guide to Becoming a Wine Expert" кітабына арнап салған иллюстрациясы
Байқасаңыз, кез келген естелік белгілі бір иіспен байланысты. Жазушы, ақын әрі тарихшы Диана Аккерман (Diane Ackerman) өзінің атағын шығарған A Natural History of the Senses (Сезімдер тарихы) атты кітабында: "Адам иіс сезуден ешқашан шатаспайды, бірақ оны өзгеге суреттеп беру мүмкін емес...
Біз тек жарықта ғана көре аламыз, дыбысты да қажетті деңгейде шықпайынша естімейміз, тағамның дәмінде аузымызға салғанда ғана бір білеміз. Бірақ, иіс... Оны үзіліссіз сеземіз. Әр дем — жұпардың жаңа палитрасы.
Көзіңізді жұмсаңыз, уақытша көрмейсіз. Құлағыңызды жапсаңыз, барша әлем бір сәтте мылқауға айналғандай күй кешесіз. Ал демалмай көріңізші... Иә, тыныстың тоқтауы өліммен барабар ".
Адам (күніне 23 040 рет) дем алғанда ағаш, гүл, топырақ, адам, тағам және өзге де құбылыстардың букет иісін бірге жұтады. Бірақ оны сипаттау кезінде "алманың иісіне ұқсайды ғой деймін", "меніңше аммиак сияқты бір нәрсенің иісі шығады" деп балама ассоциациямен ғана түсіндіре алады.
Себебі, сөйлеу орталығы (центр речи) мен иістерді қабылдауға жауапты алдыңғы ми құрылымдарының арасындағы байланыс тым әлсіз болып келеді. Ал, иіске жауапты ми бөлігі мен гиппокамп (ұзақ мерзімді есте сақтау қабілетіне жауапты лимбиялық жүйе бөлігі) байланысы, керісінше, әлдеқайда күштірек. Яғни, иісті сипаттау барысында адам жадында сақталған дүниелер еске түсіп, сол арқылы жеткізуге тырысады.
Қанық бояуымен, тұңғиық тереңдігімен, қос жанары құпияға толы шығыстық арулардай таңсық әрі еліткіш жұпарымен бар Еуропаны тамсантқан Shalimar әтірінің авторы Жан Поль Герлен "Жұпар – естеліктердің ең қанық түрі" дейді. Үздік "жұпар симфониясын" жазған виртуоз скрипкашының сөзіне сіз бен біз түгіл, иіс сезу мүшелерін зерттейтін ғылымның өзі келісіп тұр емес пе?!
Әрине, ең алдымен адамның иіс сезуіне қатысты физиологиялық ерекшеліктеріне тоқталып өткенімізбен, мақалалар желісі бесінші сезімнің онтологиялық мақсаты емес, мәдени-эстетикалық маңызына бағытталған.
О parfumeries, болашақтың мұрынсыз адамына
Буддистер "Иіс – жан қорегі" дейді. Йогтар діни практикаларында, ең алдымен, тыныс жолдарына мән береді. Себебі, ауамен бірге прананы, яғни, өмір қуатын жұтамыз деп сенеді. Шығыс ешқашан (будда болсын, өзге болсын) "мұрынсыз" қалмаған.
Ал, қазір қалай?
Батыстың "озық өміріне" ілесеміз деп бесінші сезімімізді жоғалтып алған жоқпыз ба?! Олардың IT технологияларын тұтына жүріп, ғылыми критицизм деген қасиетін өз бойымызға сіңіріп алмадық па?! Тәнін ойласа, жанын ұмытатын "артықшылықтары" Жаһан көшін бастатып отыр емес пе?!
Ал, шығыстық үшін жан тәннен, тән жаннан ажырамастай біртұтас дүние. Ол өз табиғатын ұмытпағанымен қоса, өзінің Табиғатқа тиесілі екенін де естен шығарған емес.
P/S: Әлде "Жұпар" деген аллегория ма екен?
А. Оралқызы