Өткен аптада Christie’s бәссауда үйі саудаға өте сирек кездесетін бағалы лотты шығарылды. Ол — «Әлемді құтқарушы» аталатын Леонардо да Винчидің соңғы картинасы. Жеке коллекцияда сақталып келген жалғыз туынды рекордты $450, 3 миллионға сатылды.
Бәссауда кезінде осындай ойға симайтын қаржы жұмсалатыны белгілі. Сирек өнер туындылары үшін мұндай қадамға баруға болатын шығар, десе де, кей лоттарға соншама ақша шашылатынын көріп таңғалмау мүмкін емес.
Мысалы, 20 шілде күні Sotheby’s бәссауда үйінде Айдан әкелінген бір қап шаң $1,8 миллион қаржыға сатылды. Lunar Sample Return деген жазуы бар сырмалы қапшық осыдан 48 жыл бұрын Айға саяхат жасаған Apollo 11 зымыранының салонында болған. Кейін космостық аппараттың ішінде болған барлық заттар NASA ұйымының Вашингтондағы Смитсон институтына өткізілген. Алайда, біз жоғарыда айтып өткен бір қап шаңға қажет деңгейде көңіл бөлінбей қалса керек. Ол сол кездері иллинойстық белгісіз бір заңгерге 995 долларға сатылған екен. Есесіне жаздағы сауда нәтижесінде бұл аноним заңгер айтарлықтай байыды. Себебі лотты жаңа қожайын $1,8 миллионға сатып алды.
Бірақ, кейбір адамдардың өздері ұнататын өнер жұлдыздарының шашын миллиондаған ақшаға алатынын білсеңіз, бұл әлдеқайда «ақылды саудаға» ұқсап қалады. Мысалы, Бритни Спирс ($1 миллион астам), Элвис Пресли ($115 мың), Джон Леннон ($35 мың), Авраам Линкольн ($25 мың) сынды тұлғалардың бір уыс шашы адам сенгісіз бағаға сатылды.
Мұндай «біртүрлі» лоттар қатарында Уинстон Черчилльдің алмалы-салмалы тісі ($24 500), Джером Сэлинджердің үйіндегі унитаз ($1 миллион) да бар.