Сән әлемі өнердің барлық салаларымен үнемі тығыз шығармашылық байланыста болады. Бұл жағдайда, әсіресе, балет-музаның алатын орны ерекше. Онсыз талайды таңқалдырған туындылар дүниеге келер ме еді?!
Дизайнерлік балет костюмдері
Сән дизайнерлері мен театр труппаларының арасындағы шығармашылықтың қашан басталғанын қазір анықтап білу мүмкін емес. Бұл фьюжннің тарихы тереңде жатыр. Осы үйлесімділік нәтижесінде Кристиан Лакруа, Валентино Гаравани, Гарет Пью, Вивьен Вествуд, Мэри Катранзу, Том Браун, Сара Бертон мен Каролина Эррера сынды белгілі сәнгерлер балеттік костюм тігу мәртебесіне ие болған еді. Көздің жауын алатын ғажайып туындылар туралы әңгімелегеннен гөрі, оларды бір көрген жөн болар.
Балет – шабыт, балет – муза
Әйелдер киім үлгілерінде балет өнері ерекшеліктерінің қолданылуы тансық дүние емес. Ал, оның ерлер киімінде пайда болуы расымен таңқаларлық жағдай. Бұл жаңалық атақты балетмейтер Рудольф Нуреевтің атымен тығыз байланысты. Өйткені, аталмыш тұлға 2011 жылы Джон Гальяноның күзгі топтамасына арқау болса, 4 жылдан кейін Дрис ван Нотен жаңа киім үлгілерін осы балет жұлдызына арнады.
Сондай-ақ, өткен жылдың өзінде Valentino сән үйінің күз/қыс — 2016 топтамасынан да балеттік сарын байқалған болатын. Аталмыш топтамада дизайнер би өнерінің залдағы жаттығу кезінде киетін киімдерінен бастап, сахнаға арналған нұсқаларына дейінгі барлық үдерісті қамтыған. Көрсетілім кезінде модельдер нағыз балериналар секілді әсер қалдырды. Құдды бір балет театрында Бизенің “Кармен-сюитасын” көргендей боласыз.
Балет бишілері видео-түсірілімдерде
Балет бишісі — нағыз идеал бейне. Олардың сұлулығы мен пластикасы түсірімге эстетикалық көркемдік сыйлайды. Мысалы, соңғы екі жылда Сергей Полунин Дэвид Лашапель, Михаил Барышников пен Лил Бактың роликтеріне түсіп, Денис Матвиенко Sanahunt компаниясының жарнамалық кампаниясының (видеоролик) сәні болды.
Fashion-түсірілім
Балет тақырыбы көптеген fashion-түсірілімдерге арқау болды. Фотографтар балериналарға тән грация мен нәзіктіктің шырмауына түсіп, оларды музасындай қабылдайды. Оған Томас Майердің Bottega Veneta ролигі, Elle Serbia журналының, сондай-ақ, сән әлемінің аңыз-тұлғасы Карин Ройтфельдтің CR Fashion Book журналындағы түсірілімдері мысал бола алады.