Бүкіл әлем тағамды қасықпен не шанықшымен ішсе, Азия елінің халқы неге екені белгісіз, екі құралдың орнына бір нәрсені – ағаш таяқшаны қолданады. "Елден ерекше" мәдениеттің тамыры өте тереңде жатыр.
Көне археологиялық деректерге сүйенсек, қытайлар мұндай таяқшаларды осындан 4-5 мың жыл бұрын қолданған екен. Бірден айта кетейік, ол кезде қытайлар оны тамақ жеу үшін емес, қазанда пісірілген ыстық тамақты алу мен араластыру үшін пайдаланған. Бірақ кейін келе ақырыңдап бұл әдетті дастархан әдебіне қарай ойыстырып, біздің заманымызға дейінгі 500-400 жылдары асты жеуге қолдана бастаған.
Сол жылдары Қытайда демографиялық "бум" болып, халық саны жаппай өсіп кетеді. Қарақұрым халықты асырау қиын екені белгілі. Содан елге азық-түлік жетпей, ас-суға қолы жеткендер оны аз-аздап жеп, азық тұтқан. Ал аз асты жеуге таяқша өте ыңғайлы. Оны бөлу үшін пышақ та қажет емес.
Оның үстіне, ағаш таяқшаны жасау қиын емес, арзан. Шығыны аз. Оны дайындау үшін үлкен өндірістің де қажеті жоқ.
Ағаш таяқшаның пайда болуы мен тарауына ықпал еткен тағы бір жайт – Конфуцийдің ілімі. Абыз ғұлама халқын қан-төгістен, пышақ-қырқыстан аулақ болуға шақырған көрінеді. Бұл философия қытай халқының қанына сіңіп, пышақтан аулақ болуы алдымен дастарханнан бастаса керек. Шанышқыны қолданбайтыны да содан. Ал бамбук таяқшаның ұшын байқаған адам болса, оның үшкір емес, жартылай пұшақ екенін аңғарады.
Кейін бұл мәдениет Азияның басқа халқына да тарады. Жапония, Корея мен Вьетнамға таралды. Қытай мен жапонның таяқшасында біршама айырмашылық бар. Қытай таяқшалары бамбуктен жасалады да, тұтқа жағы бірігіп жатады. Ал жапондарда бұлай емес, екі таяқша бөлек-бөлек болады. Оның үстіне, жапондар алғашында таяқшаны тек діни салтанатқа бола қолданған. Кейін келе дастарханға жайғасты.
Тағы бір айта кететін нәрсе, Азия аймағында өсетін күріш дүниежүзінің басқа жерлерінде өсетін күріштен аздаған айырмашылығы бар. Азиядағы күріш тұқымында крахмал көбірек, сондықтан жабысқақ келеді де таяқшамен алу оңайырақ. Таяқшаның таралуына, бір жағынан, осы қасиеті де себеп болса керек.