Алматыда Виктория мен Альберт мұражайы (Ұлыбритания) мен Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы Қазақстандағы Британдық Кеңеспен және Art Jameel қорымен бірлесіп ұйымдастырған «Джамиль 4-сыйлығы» көрмесі өтуде. Қазан айында басталған көрме 2018 жылдың 7 қаңтарына дейін жалғасады.
Көрмеде «Джамиль 4-сыйлығы» халықаралық конкурсының 11 финалисінің қағаздан жасалған нәзік коллаждар, марионетка қуыршақтары бар фильм, керамика, мүсіндеме сияқты еңбектері көрсетіледі.
«Джамиль сыйлығы» ‒ бүкіл дүние жүзінің суретшілері мен дизайнерлері қатыса алатын халықаралық конкурс. Конкурс 2009 жылдан бері екі жыл сайын өткізіледі.
Көрменің барлық жәдігерлері исламның мәдени салт-дәстүрінің мол байлығын паш етеді, осы еңбектердің авторларына шабыт берген де сол байлық болатын.
«Джамиль сыйлығы» исламның салт-дәстүрі мен қазіргі заманғы өнердің арасындағы байланысты қайта жаңғыртады.
Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы көрме өткізілетін үшінші және соңғы орын болып табылады. Бұған дейін «Джамиль 4 сыйлығы» Түркияның Стамбул қаласындағы Пера мұражайында және Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласындағы Азия мәдениеті орталығында болған.
Атақты Виктория мен Альберт мұражайы ислам өнерінің әлемдегі ең үздік жинақтарының бірін иеленеді. Мұражай жинақты 1850 жылдары өрнек жасау мен безендіру элементтерін таңдаудың исламдық қағидаттарын пайдалана отырып, британдық дизайнды исламдық мәдени дәстүрдің ықпалымен қайта құру мақсатында қалыптастыра бастаған еді.