- Негізгі бет
- Мәдениет
- Атақты стадион COVID-19...
Атақты стадион COVID-19 құрбандарына арналған ескерткіш кешенге айналады
Флоренциялық сәулетші Анджело Ренна Миландағы ірі Сан-Сиро стадионын COVID-19 құрбандарына арналған ескерткішке айналдыруды ұсынды. Бұл коронавирустан қайтыс болғандарды еске алуға ғана емес (Италияда аталған пандемиядан 35000 адам өмірімен қош айтысты), сонымен қатар 1926 жылы салынған футбол аренасын бұзудан сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Жоба бойынша, трибуналар жасыл террассаларға айналуы керек. Сәулетші онда италиялық кипаристерді отырғызудың үлкен мәні бар екенін айтады. Аталған өсімдік — о дүниеге аттанғаннан кейінгі өмір символы және түрлі құстар, тиіндер, бауырымен жорғалаушылар мен басқа да көптеген жануарларға мекен бола алады. Жалпы саны 35 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған.
Трибуналар астына мұражай, ғылыми-зерттеу орталығы, сонымен қатар студенттер мен ғалымдарға арналған ғылыми және шығармашылық шеберханалар орналасады. Кіре берісте пандемия кезіндегі миландықтар өміріне арналған экспозиция болады.
Табиғи жарық кеңістікті толтырып, жауын-шашын өсімдіктерге молынан жетуі үшін стадион шатыры алынады. Жаңбыр суын жер асты су қоймаларына жинап, кейін өсімдіктерді суаруға мүмкіндік беретін резервтер қазылады. Жауын-шашын кезінде оны толығымен су басуы мүмкін, бірақ бұл флора мен фаунаның алуан түрлілігін сақтау үшін қажет.
Сан-Сиро — әлемдегі ең үлкен стадиондардың бірі. Шамамен 80 000 орындық арена. Оның құрылысы 1926 жылы басталған. Жобаны атақты архитектор Улиссе Стаккини жүзеге асырған.
Сан-Сирода соңғы күрделі жөндеу 1990 жылғы FIFA Әлем кубогы қарсаңында жүргізіліп, құны 60 миллион долларды құраған.
Т. Раушанұлы