2019 жылғы 23 қаңтар күні Астана қаласындағы "Нұр әлем" павильонында ("EXPO-2017" көрме кешені) "Тәуелсіздіктің ұрпақтары" атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлады Massaget порталы ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Мемлекет басшысының, Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, жергілікті атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, "100 жаңа есім" байқауының жеңімпаздары, "Болашақ" бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдерінің, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, ерекше қажеттіліктері бар жастар, жас әскери қызметкерлер және т.б. қатысады деп күтілуде.
Осылайша, елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарын іске асыру бастау алатын болады.
Іс-шара барысында жас қазақстандықтар жүзеге асырған табысты жобалар мен жаңа өнімдердердің таныстырылымы өтеді. Спикерлер ретінде әр түрлі салалардағы жетістіктерге жеткен жас қазақстандықтар баяндама жасайды. Мәселен, танымал кәсіпкерлер, стартаптар, волонтерлер, ауыл шаруашылығы, ғылым және әдебиет саласындағы мамандар сөз сөйлейді деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл "Жастар жылы" деп жарияланды.