Бүгін, яғни 6 шілде – Астана күні. Елорда жұртшылығы мен қонақтары 4 шілдеден бастап айтулы мерекені тойлауды бастап кетті. Бүгін мерекелік іс-шаралар «Ханшатыр» алдындағы алаңда өз жалғасын табуда.
Астана халқы түрлі ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлердің куәгері болуда. Құдды бір Наурыз мейрамындағыдай ерекше өтіп жатқан мереке жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлауда. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қол күресі, кір тасын көтеру секілді ойындардан жарыстар да ұйымдастырылуда. «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі аясында концерттер мен қойылымдар қойылуда. Ал біз сіздерге мереке алаңынан арнайы фоторепортажымызды ұсынамыз.
Қазақстанда Елорда күніне арналған іс-шаралар маусым айының соңынан басталған еді. 4 шілде күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін тойлауды ресми түрде бастап берген болатын. Биыл Астана 17-ші рет туған күнін тойлап отыр.
Астана күніне арналған тойлау шаралары бүгін қаланың үш жерінде атылатын отшашумен аяқталады. Өтетін орны: Есіл өзенінің жағалауы, "Хан Шатыр" Сауда және ойын-сауық орталығы және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы гүлзар.