- Негізгі бет
- Мәдениет
- Астана күні құтты...
Астана күні құтты болсын
Еліміздің ордасына айнала білген Астана қаласы бүгін тағы бір төл мерекесін тойлатуда. Күн сайын көркейіп келе жатқан құтты мекен жаныңызды дәл осы күні рахатқа бөлейді. Төгілген ән де, мың бұралған би де, көңілді көшелер барлығы сіздің жаныңызға керемет әсер сыйлайды. 1994 жылы 6 шілде де Елорданы Алматыдан Астанаға ауыстыру туралы қабылданса, 1997 жылдың 10 желтоқсанында бұл заң жүзеге асқан екен. Бүгін аталған қала өзінің 18 жылдық мерей тойын атап өтуде.
Жалпы, Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру - бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біздер еліміздің келешегі - жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр.
Осылайша елордамыз Астананың 18 жылдығы жоғары деңгейде өтуде. Астана бұл күнде тек елордалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына, сүйікті қаласына айналды. Сәулеті мен сәнін естіген адам бір көруге ынтық болып жүрген дүниежүзілік шаһарлардың деңгейіне жетті.
Барша Қазақстандықтарды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймыз.