Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде дәстүрлі түрде өтетін "Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны 2016" байқауы да өз мәресіне жетті. Екі айға созылған дайындық барысында ысылған сұлтандар мен арулар ақтық финалда жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Жарыстың басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ұлттық болмыс пен ұлттық рухты асқақтату еді. Ұлттық университет пен "Ана тілі" газетінің бірлесуі нәтижесінде жыл сайын өтетін бұл жарысқа үздіктердің үздігі ғана қатысады. Ақтық мәреге жолдама алған 10 ару мен 10 сұлтанның бойында мін жоқ. Көрерменді өз өнерлерімен тамсандырып қана қоймай, ақыл-парасатымен де таңдай қақтырды. Сайыстың әділ-қазы алқасының құрамында: Нұрперзент Домбай, Әсем Нұрсейітова, Дана Нәби, Гүлназ Жоланова, Бағлан Әбдірайымов, Серік Шәріп, Жұлдыз Есімова болды. Арулар мен сұлтандарды төрт кезең бойынша бағалап, шын жүйрікті таңдады.
"Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны 2016" байқауының ІІІ орынын механика-математика факультетінің 3 курс студенті Қайратұлы Әлібек пен филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті Әбен Айдана иемденді. Көрерменге әсем ән мен биді қатар алып шыққан Айдананың өнеріне көпшілік қол соқты.
Сайыстың ІІ орын иегерлері ретінде журналистика факультетінің 2 курс студенті Қуанышбек Есентемір мен химия және химиялық технология факультетінің 3 курс студенті Амирина Даяна марапатталды. Домбыраның құлағында ойнаған Есентемірдің де өнері көрермен жүрегінен жол тапты.
"Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны 2016" байқауының І иегері ретінде физика-техникалық факультетінің 3 курс студенті Құдайберген Шалқар мен халықаралық қатынастар факультетінің 2 курс студенті Қалиахмет Ақсәуле марапатталды. Сонымен қатар, байқау барысында Шалқар үздік өнер көрсеткені үшін демеушілер тарапынан ұсынылған Дубайға жолдаманы жеңіп алды.
Жүзден жүйрік , мыңнан тұлпар атанып байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған филология және әлем тілдері факультетінің 3 курс студенті Аманбай Қадір мен журналистика факультетінің 1 курс студенті Алмабаева Алтынай марапатталды.
Дүбірлі додада бақ сынаған өзге қатысушыларды да демеушілер арнайы сыйлықтармен марапаттады. Ана тілінің мәртебесін көтерген бұл жарысқа "Жанат Бақыт сән үйі", "Жазира Байырбекованың сән үйі", Роза Әлқожаның "Мен сыйға тартқан орамал дүкендер желісі", "INMODE" сән үйі галереясы, өзге де түрлі демеушілер қолдау көрсетті. Ақпараттық демеуші ретінде Алматы шаһары танылды. Өнегесі мен тәлімі мол осындай байқаулардың болғаны қуантарлық жағдай. Ендеше, келесі жылдың үздігін көруге жазсын!