- Негізгі бет
- Мәдениет
- Әлеуметтік желіде орыс...
Әлеуметтік желіде орыс не ағылшын тілінде жазу сән бе?
Тіл мәселесі біздің елде ауқымды саяси талдауға түсіп жатқан бірегей ұлттық құндылық. Себебі өз ана тілің болмаса, сен ешкім емессің. Сенің әдебиетің, мәдениетіңнің құны тілсіз көк тиын. Сондықтан болар, елімізде қазақ тіліне деген алаңдаушылық басым. Бірақ өзге тілді білу және оны игеру – саналы ұрпақтың міндетті жолы. Ең алдымен өз тіліңе, одан кейін өзге тілге құрмет көрсету керек.
Әлеуметтік желіде көп отыратын жастардың қазақ тілінде түрлі vine түсіріп, парақшалар ашып жұмыс істеп жатқаны қуантады. Бірақ әлі де болсын өзгермей жатқан бір дүние бар. Жайдарман ойындарының бір үзіндісінде мынадай көрініс ойналады: «хан сарайында тұрған жоңғар шешен сөйлеп жатқан уақытында қазақ батыры «мынауың Қазыбектің сөзі, сендерде би, шешен деген атымен жоқ секілді ғой» деп қадап айтады. Зал күлкіге қарық болады. Дәл сол секілді біздің қазақ тіліндегі данышпандар не салиқалы сөзіміз жоқ секілді, міндетті түрде орыстың не шет елдің даналары айтқан сөздерді орыс тіліндегі аудармасымен бөлісеміз не суретіміздің астына жазып қоямыз. Одан қала берді ағылшын, түрік тілінде жазамыз. Бұл сән бе?!
Әрине ағылшын тілін білетініңізді көрсету керек те шығар. Бірақ бір ауыз көшіріп алған не жазған сөзбен тіл білемін деп масаттанбаңыз. Ол, керісінше, қазақ азаматы ретінде абыройыңызға сын. Қазақта не көп, ақын көп, данышпан көп. Абайдан алыңыз, қара сөздерінен үзінді алып, салғыңыз келген суреттің астына жазып қойыңыз. Қандай керемет болар еді! Бірақ біз жеңілге әрі оңайға ыңғайланамыз. Қанымызға сіңіп кетті.
Мысал ретінде түрлі әлеуметтік парақшалар мен жеке аккаунттарға жазған сөздерді мысалға келтіруге болар еді, бірақ бұл заң жүзінде жеке адамның өзіне тіл тигізу болып табылады. Оны мысал ретінде көрсетпесек те, ағылып жатқан ағыстың осындай екенін бәріміз жағада жүріп байқап тұрмыз. Арасында өзіміз де сол ағысқа шомылып аламыз.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін оны тек әдебиетте қалдыру ештеңе әкелмейді. Себебі тілді көтеру үшін оны ғылымға әкелу керек, технологияға негіздеу керек. Сол секілді қазіргі хэштегтер, тегтер одан қала берді инстаграм, вконтакте, фейсбуктегі жеке парақшаларға сурет не бір ой салуға көңіліңіз тартып тұрса, қазақ тілінде жазыңыз. Бұл үлкен өзгеріс әкеледі. Көз үйренген сайын әдетке айналады. Ал ауру қалады, әдет қалмайды.
Сондықтан әр адам өзінен бастай отырып, қарапайым әлеуметтік желідегі жазу тілін қазақ әрпіне, сөйлеу тілін қазақ тіліне алып келсе, бұл үлкен жемісті еңбек болады. Кепілдік беруге де болады.
М. Ақан