Әлемге танымал зағип жандар

Көз жанарынан айырылған немесе көру қабілеті нашар адамдар да адамзат игілігі үшін тер төккен. Олардың әрекеті мен өмір жолы көпке үлгі бола алады. Солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.

©obshe.net

Гомер

"Илиада" мен "Одиссея" – ежелгі әлемнің ең танымал эпостары. Ешқандай нақты құжат немесе жазбаша дерек көзі болмаса да, осы екі эпостың авторы Гомер екені айтылады. Ежелгі дәуірдегі зағип ең танымал адам осы Гомер десек қателеспейміз.

Оның өмірі туралы толық ақпарат жоқ, атақты ақын біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырда өмір сүрген деп айтылады.

Гомер эпостарын көпшілік алдында жатқа айтып, оларды жылдан-жылға қызық оқиғалармен байытып отырған. Бұл эпостардың маңызы – олар сол кездегі рух пен мәдениеттің жаршысы және басқа шығармалардың тууына себеп болды. Әлемге әйгілі "Троя" көркем фильмі де Гомер эпостарының сюжеті негізінде таспаланған.

©ok.ru

Луи Брайль

Бүгінде кез келген зағип адамның жазуды оқуда проблемасы жоқ. Осы үшін зағиптардың алфавитін жасаған Луи Брайльға адамзаттың алғысы шексіз.

1809 жылы Францияның Кувер қаласында дүниеге келген Луи 3 жасында әкесінің шеберханасында ойнап жүріп көзін жарақаттап, соқыр болып қалған. Ол кезде зағиптарға арналған мектеп болмағандықтан Луи басқа балалар секілді қарапайым мектепке барды. Алғашында жадына сүйеніп оқыған ол 10 жасында зағиптарға арналған арнайы шәкіртақыға ие болды. Жылдан жылға оның білім алуы қиындап кетті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ол әскерилер қараңғыда қолданатын жазба жүйесіне сүйеніп, зағиптарға арналған алфавит жасай бастайды. Небәрі 20 жасында Луи бүгінде бүкіл әлем қолданатын 6 тармақты кодқа негізделген алвафитті түзіп шығады.

Бұл алфавит тек жазуды ғана емес, сонымен бірге ғылыми белгілерді де білдіруге мүмкіндік берді. 1834 жылы Брайль өзінің өнертабысын Париждегі көрмеде көрсетті, ал кейінгі 20 жыл ішінде алфавит бүкіл әлемге тарады. Бүгінде бұл жазба бүкіл әлемдегі зағиптардың ресми жазбасы саналады.

©in-w.ru

Джозеф Пулитцер

Кез келген журналист Пулитцер сыйлығына ие болуды армандайды. Бірақ әйгілі марапаттың тағайындалуына себеп болған адам өмірінің нағыз бір гүлдеген шағында жанарынан айрылғаны көп айтыла бермейді.

1847 жылы Венгрияның Мако қаласында дүниеге келген Джозеф 17 жасында Америка Құрама Штаттарына сапар шегіп, еңбек жолын репортер ретінде бастаған. Кейінірек өзінің саяси ерік-жігерін күшейтіп, Миссури штатының заң шығарушы органына мүше болады.

Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы пікірімен қоғам назарын өзіне аударды. 1872 жылы Пулитцер Сент-Луистен екі газетті сатып алып, оларды біріктіріп, күшейтеді. Оның беделі маңызды журналистік сұрақтар мен жемқор топтарды әшкерелеумен көтеріледі.

1883 жылы Пулитцер "New York World" басылымын сатып алып, оның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтеді. Мемлекеттік деңгейдегі алаяқтардың әрекетін әшкерелеген бұл газетте әдемі әзіл де, жақсы жарнама да, салмақты мақалалар мен қызық әңгімелер де жазылды.

Көпшілікке арналған газет өз жемісін берді. Пулитцердің қолына түскен кезде, тиражы 15 мың болған басылымның таралымы қысқа уақытта миллионға жетті.

Бірақ Джозеф өз еңбегінен лаззат ала алмады. Себебі 1887 жылы қызу еңбек үстінде көзі көрмей қалып, бас редакторлық орнын босатуға мәжбүр болды.

1911 жылы қайтыс болған Джозеф Пулитцер Колумбия университетіне 2 миллион долларлық байлығын журналистика мектебін құруға қалдырады. Журналистика саласындағы ең беделді марапат осылайша өмірге келген.

©standard.co.uk

Андреа Бочелли

Андреа кішкентай кезінен бастап көз ауруына шалдығып, 12 жасына дейін 12 ота жасатқан. Соңында көзі мүлдем көрмей қалған. Басында қатты күйзеліске түскен бала тек ән айту арқылы жұбаныш тапты. Ауылдағы шаруа қожалығында тұрған Бочелли адамдар бар-жоғына қарамай дауыстап ән айта беретін.

Жасөспірім кезінде ол бірнеше музыкалық фестивальдердің жеңімпазы атанды. Осыдан соң өнерден алыстап  Пиза университетінің заң факультетіне оқуға түседі.

Бірақ оның тағдыры заңмен емес, өнермен байланысты еді. Андреаның итальялық тенор Франко Корелимен ынтымақтастығы оны халыққа танытты. Күндіз білім алған Андреа түнде мейрамханаларда ән айтып ақша тапты. Өткен ғасырдың 90-жылдары Лукано Паворотти оның талантына таңданып, ән байқауына қатысуға шақырады. Даңқ баспалдағын бір-бірлеп басқан ол мыңдаған көрерменнің алдында ән айтатын танымал әншіге айналды. Көрермен ішінде атақты Рим Папасы да бар еді.

©russian.rt.com

Дэвид Бланкетт

Дэвид Бланкетт зағиптар да жоғары мансапқа жете алатынын дәлелдеді. Оның туа біткен зағип күйіне қарамастан Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр оны ішкі істер министрі қылып тағайындаған.

Ата-анасы "өзіңе сен" деп өсірген Дэвид Шеффилд қалалық кеңесінің мүшесі бола отырып, саяси және әлеуметтік ғылымдарды жетік меңгерді және саясатқа белсене араласты. 1987 жылы парламент мүшесі болған Бланкетт кейін министр болып тағайындалды.

Ең бастысы, ол бұл деңгейге басқалардың оған деген аяушылығы үшін емес, өзінің байсалдығы мен керемет жадының арқасында қол жеткізді.

©panorama.pub

Ванга (Вангелия Пандева Гуштерова)

Адамзат тарихында ұлы көріпкел деген атпен қалған Ванга 12 жасында жанарынан айрылған. Алып құйын ұшырып алып кеткен оны бірнеше шақырым жерден шалажансар күйінде тауып алған. Құйыннан кейін көзі соқыр болып қалған ол арада 4 жыл өтіп болашақты болжай бастаған. Алғашында ол әкесінің жоғалған қойын тауып береді.

Кейін оның аты көпке мәлім бола бастады. Мемлекеттік қызметкерлер, елге танымал адамдар Вангадан өз болашағын білмек болып келе бастады.

Ванга 1996 жылы қайтыс болды және жаһандық өзгеріс тудыратын көптеген болжам айтып кетті.

Оның болжамына сай, 3797 жылы Жер бетінде тіршілік тоқтайды, бірақ дамып кеткен адамзат басқа ғаламшардарда өмір сүреді және 4304 жылы адамзат кез келген ауруды жеңетінін, осыдан соң 4674 жылда  өркениет дамудың шыңына жетіп, әртүрлі ғаламшарларда өмір сүретін адамдардың саны 340 миллиардқа жететінін айтқан. 5079 жылы  ақырзаман орнайтынын болжаған.

©lenta.inform.kz

Шөже ақын (Шөже Қаржаубайұлы)

Өзінің асқан шешендігімен, суырыпсалма өнерімен, көкейкесті мәселелерді қозғауымен және ауылдағы ат төбеліндей бай-шонжарлардың екіжүзді зұлымдығы мен парақорлығын жұрт алдында батыл аяусыз әшкерелеуімен кең танымал болған Шөже ақын да бала кезінде зағип болып қалған.

Шөже Қаржаубайұлы – 1808 жылы қазіргі Ақмола облысы Қызылту ауданы туған  халық ақыны. Өлең шығару дарыны жас кезінен-ақ байқалған. Айтыстарға қатысқанда қалыптасқан әлеуметтік-философиялық көзқарастары болды. Адамгершілікке жат кеселді кемшіліктерді әшкерелеген (Кемпірбай, Тезекбай, Жәмшібай, Келдібай, Балта, Орынбай, Серәлі, Шортанбай және басқаларымен айтысқан). Үлкен айтыстарда 17 рет жеңіп шыққан.

Шөже ақын асқақ жыршы, лирикалық, эпикалық дастандарды шебер орындаушы болған. Абаймен кездесіп, халық эпостарын, әндері мен аңыздарын біліп, оған зор ықпал жасаған. Шоқан Уәлиханов 1864 жылы 5 наурызда өзінің Омбыдағы пәтерінде Шөже орындаған "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" дастанының ең тандаулы нұсқаларының бірін жазып алып, Шөженің ақындық шеберлігіне жоғары баға берген.

Оның бір топ өлеңдері ("Дәукейге", "Домбыра шыққан тыңқылдан", "Бәйтікті мақтағаны") жеке адамдарды көтере дәріптеп, мақтауға құрылған. Сонымен бірге Шөже тоғышарлық пен парақорлықты, өмірдің жағымсыз жақтарын батыл сынға алған.

Бұл – көпке танымал зағип жандардың бір сарасы ған. Сондай-ақ, көру қабілетінен толығымен айрылған немесе көру қабілеті нашар болған Галилео Галилей, Клод Моне, Николай Лобачевский, Гарриет Табман, Хелен Келлер, Стиви Вандер сияқты тұлғалар адамзат тарихында өшпес із қалдырған.