- Негізгі бет
- Мәдениет
- Әлемдегі әр сегізінші...
Әлемдегі әр сегізінші музей жұмысын тоқтатады – UNESCO
Коронавирус пандемиясының әсері музей жұмысына көп ауырлық салды. Алдағы уақытта жағдай тұрақталғанмен, әлемдегі әр сегізінші музей келушілерге есігін айқара ашпайды. Бұл жайында UNESCO мен Халықаралық музей кеңесінің зерттеуінде айтылды.
Олар жүргізген зерттеу бойынша әлемдегі музейлердің 13%-ы енді қайта ашылмайды. Әсіресе кедей елдердегі бұл салаға көп ауыртпалық түскен. Кедей елдер ғана емес, тұрғындар табысы жоғары елдердегі музейлер де көп шығынға батқан.
Еуропадағы музей желісі ұйымының (NEMO) дерегі бойынша туристер орталығы саналатын Париж, Амстердам, Вена қалаларындағы музейлер де табысының 80%-ын жоғалтқан.
UNESCO-ның мәдениет саласы бойынша бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоненің айтуы бойынша пандемия кезінде әлемдегі музейлердің 90%-ы жұмысын тоқтатқан.
– Әлемдегі музейлер бірнеше айға жабылды. Табыстан қағылды. Енді олар шығындарын қалай толтырарын білмей отыр. Мұндай жағдай тарихта алғаш рет болды. Бұл дағдарыстан шығу оңай болмайын деп тұр, – дейді АР агенттігіне берген сұхбатында.
Коронавирус пандемиясына байланысты шығынға батқан музейлер енді инфрақұрылымын жаңартпақ түгіл, қарапайым әлеуметтік сақтандыру ережелерін қамтамасыз ете алмай да қалуы мүмкін. Эрнесто Оттоне әлемдегі ұйымдарды музей саласын қолдауға шақырды.
Н. Үсенова