Осыдан жиырма бес жыл бұрын толықметражды Аладдин мультфильмі жарыққа шықты. Барша әлемге танымал Шығыстық сарындағы жалғыз балалар фильмі бірнеше буынның сүйікті картинасына айналды. Аладдин туралы оқиға Еуропада алғаш рет Мың бір түн оқиғасы арқылы келді. Антуан Галланның он екі томдық аудармасы Батыс жұртшылығына Шығыс әлемін ашты. 1988 жылы драматург Говард Эшман ертегіні экранизациялауды қолға алады. Олоқиғаны қарапайым халыққа түсінікті ету мақсатында 40 беттік сценарий жазады. Эшман өзінің досы Алан Менкенмен бірге ертегіге мюзикл жазады. Бірақ, студия басшылығы жобаны тоқтатып қояды да, Эшманға Сұлу мен құбыжық мультфильмін қолға алуды бұйырады. Эшман 1991 жылы өмірден өткен соң, мультфильм сюжеті оның сценарийінен айтарлықтай ауытқыды. 80-шы жылдарда олжобаға арнап 14 ән жазған екен, мультфильмге соның үшеуі ғана енген. Бірақ, Эшманның еңбегі елеусіз қалды деуге келмес, себебі, картина шығып, көпшіліктің сүйікті мультфильміне айналғанымен қоса, Аладдин үздік музыка мен үздік ән (A Whole New World) үшін екі мәрте Оскар марапатын алды.