Актер Робин Уильямстың жеке заттары бәссаудаға қойылады

Актер Робин Уильямстың жеке заттары бәссаудаға қойылады
Фото: vk.com

Sotheby's бәссауда үйі бақилық болған Голливуд актері Робин Уильямс пен оның жұбайы Маршаның жеке заттарын сатылымға шығаратын болды. "Сахна жасау: Марша мен Робин Уильямстар топтамасы" аталатын сатылым Нью-Йоркте 4 қазан күні өтеді.

Онда жұбайлар бірнеше жылдар бойы пайдаланып келген заттармен қатар, құнды өнер туындылары (Бэнкси, Шепард Фейри, Дебора Баттерфилд пен Ники де Сен-Фальдың бірқатар жұмыстары) да бар.

Сэмюэль Беккеттің "Годоны күту" аталатын пьесасының алғашқы басылымы, "Гарри Поттер мен философиялық тас" фильмінің түсірілімі кезінде Дэниэл Рэдклифф киген Гриффиндор мантиясы, велосипедтің сирек түрлері, Голливудтағы "Даңқ аллеясынан" жұлдыз атауы берілгендігін дәлелдейтін құжат және өзге де бұйымдар да сатылымға шығады.

Түскен ақшаның бір бөлігі қайырымдылық мақсатта жұмсалады.

А. Оралқызы