- Негізгі бет
- Мәдениет
- Ақтаулық ару "Қазақ...
Ақтаулық ару "Қазақ Аруы – 2018" байқауының жеңімпазы атанды
Алматыда "Қазақ Аруы – 2018" сән байқауының финалдық кезеңі өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл конкурста бас жүлдеге ақтаулық ару Нәбира Рахымжан ие болды.
Бірінші орын – қарағандылық ару Ақбота Бақытқалиға, екінші орын – шымкенттік Ақмарал Айтбаеваға және үшінші орын – Ресейден келген Самал Мурадиеваға бұйырды.
Ұйымдастыру комитеті бұл байқауға бес ел – Ресей, Түркия, Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан қатысатынын мәлімдеген болатын. Алайда Түркия өкілі сайысқа келе алмады. Финалдық кезеңде 16 қыз бақ сынады.
Конкурс барысында қатысушылар Қазақстанның эстрада жұлдыздарымен бірге ән орындады және көрермендерге ұнаған өзге де қызықты байқаулар болды. "Қазақ аруы" байқауы Қазақстанда осымен сегізінші рет өтіп отыр. Бұл байқауға қатысудың басты шарты – қазақ тілін жетік білу. Сонымен қатар, қазақ халқының тарихы, әдебиеті мен салт-дәстүрі туралы да хабардар болуы қажет. Ал бұл сұлулық байқауы болғандықтан, қатысушылар білімімен қатар сұлулығын да көрсете алу керек.
Н. Үсенова