- Негізгі бет
- Мәдениет
- Ақмолада тарихи-өлкетану мұражайы...
Ақмолада тарихи-өлкетану мұражайы ашылды
Ақмола облысы Қорғалжын ауданында наурыз мейрамына орай өлкетану мұражайы ашылды. Мұндай тарихи-өлкетану музейі ауданда бірінші рет ашылып отыр.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, тарихты зерттеп, зерделеп, оны халыққа жеткізу, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау мақсатында ашылған музей аудан тұрғындары үшін мейрам қарсаңында тамаша жаңалық болған.
Ауданымызда алғашқы рет тарихи-өлкетану қоғамдық музейін ашқалы отырмыз. Баршамызға құтты болсын. Бұл мұражай ұрпақтарымыз үшін жасалған аса бағалы мәдени орын деп ойлаймын.Осы мұражай орналасқан ғимараттын өзі – тарихи ескерткіштердің бірі деп саналады, - деді аудан әкімі Берік Жанбаев.
Ауданда музей ашу жұмыстары 2019 жылдан бастап қолға алынған. Сол уақыттан бері арнайы қор құрылып, оған жергілікті халық қаражат салса, Қорғалжын ауданы әкімдігі музейге арнап ғимарат бөлді. Бұл ғимараттың өзі ауданда ең бірініші болып бас көтерген құрылыстардың бірі.
Музейдің жан-жақты жұмыстарын атқарып, еңбегін сіңірген зейнеткер, өлкетанушы Аманжол Әужанұлының айтуынша бір ғасырға жуық тарихы бар Қорғалжын өлкесінде әлі талай сырға толы тарихи мұралар табылып, анықталып, мұражайдың жәдігерлері одан әрі толықтырылады.
Музейде аудан тарихы, ауданды ашқан тұлғалар туралы ақпараттар, тарихи және ескі жәдігерлер қойылған.
Айта кетерлігі, музей ауданға жылына 5000 астам келетін туристке ауданның тарихымен танысуға тамаша мүмкіндік береді.
Қ. Слямбек