Адам нәсілі жаратылғалы бері жер бетіне миллиардаған адамның табаны тиді, бұл сұлу планетаның ғажаптығын миллиардтаған жанар көрді, миллиондаған жылдар өтсе де, мыңдаған өркөкірек патша билігін мәңгі жүргізгісі келді. Адам бірін бірі атты, шапты, білгенін істеді. Адамзат жаратылғалы еш өзгермейтін заңдылықтар. Тек киетін киімнің модасы, мінетін көлігі, пайдалантын технологиялары ғана өзгерген шығар. Адамзат даму тарихында гуманизмнің шыңына жетті деп бөгдепланеталықтарға бөсе алмайтынымыз тағы өкінішті.
Сол миллиардтаған бейшара пенделердің қаншасының дауысы да естілмей, жақсылығы да еленбей өмірін сүріп, қартайып-солып, қурап-бітіп, дәм-тұзы біткен шақта Тәңірісіне қарай бір уыс нұр болып қайтадан ұшты десеңізші. Ал, сол сансыз адамдардың ішінде өзінің жарық ізін қалдырып кеткендер көп емес.
Соның бірі Надежда Рушева. 12 жасында алғашқы сурет көрмесін өткізген хас талант бар жоғы 17 жыл ғана ғұмыр кешті. Надежда Ұлан-Батырда дүниеге келіп, мына жалғанмен Мәскеу қаласында қоштасып кете барды. Әкесі де суретші екен, шешесі тывалық балерина болыпты. Түрі де нағашыларына тартып кеткені байқалады. Кейбір суреттерінде түркілік сарын да анық аңғарылады.
Надя 5 жасынан сурет салуды бастаған. 7 жасында көркемсурет өнерімен кәсіби түрде шұғылдануға ден қойыпты. Тіпті бір кештің өзінде Пушкиннің "Салтан патша туралы" ертегісіне 36 иллюстрация салып шыққан екен. Және бұл жас баланың шимай-шатпағы емес, кәдуілгі суретшінің жұмыстарынан артық болмаса, кем еместұғын. Оны Надя ертегінің тыңдап отырып салған дейді. Не деген фантазия десеңізші! Қысқа уақыт ішінде кейіпкерлердің түрін елестетіп, мінезін байқап, оны қағазға көшіре қою үшін де сұмдық талант керек-ау!
12 жасында Надяның суреттері Мәскеудегі көрмеде жарқ ете қалады да, артынша оның туындылары Польша, Чехословакия, Румыния, Үндістан сияқты елдердің таңданысын тудырады.
Надя 13-14 жасында Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік", Булгаковтың "Мастер және Маргарита" кітаптарына иллюстрация жасайтын хәлге жетті. Бұдан кейін Надяның кітап графигі ретінде атағы дүркірей жөнелді. Надя бас-аяғы 50-ден астам әртүрлі авторлардың шығармаларындағы кейіпкерлерін қағаз бетіне сурет түрінде көшіріпті.
Кейін оның қағаздарының арасынан "Анна Каренина" атты балеттің эскизі табылған екен. Бірақ ондай балет ол кезде сахналанбақ түгілі, ойда да жоқ болған дейді. Кейін Майя Плисецкая билеген жаңағы балет көп жылдан кейін сахна төріне шығарылыпты. Бұл не әулиелік пе? Бәрі де мүмкін!
Оның суреттері бірден ақ қағазға көшірілетін дейді көзін көргендер. Ешқашан өшіргіш пайдаланбапты жарықтық. "...Олар (суреттер - АЕ) қағаздың бетінде судағы таңбалар сияқты қалқып шыға келеді, мен тек оларды бояй саламын" - дейді екен Надя Рушева.
17 жасында инсульттан қайтыс болған Надяның артында 12 000 сурет қалыпты! Бұл оның қысқа ғана ғұмырында асығыс еңбек етіп, адамзатқа тарту етіп кеткен баға жетпес мұрасы. Оның сыртында көрінген жерге сала салған сурет, біреуге сыйға салып бере салған бейнелер, штрихтар, этюд, натюрморттар, көрмелерден қайтпай қалған туындыларда есеп жоқ.
Надя Сент-Экзюперидің "Балғын ханзадасының" бейнесін көп салған көрінеді. Мүмкін бала суретші балғын ханзаданың бейнесінен өзін көрген бе екен. Өйткені шынымен де Надя өмірде болмаған адам сияқты, Экзюперидің ханзадасы секілді бұл да адамзат ойдан құрап алған аллегория, әсемдікке құштар сананың қиялы ғана болып көрінеді маған...