Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында наурыз айының 22 күні сағат 10:00-де Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына арналған «Ұлы дала мұрасы» атты этнографиялық көрменің ашылу салтанаты өтеді.
Көрменің негізгі мақсаты — өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ ұсталары мен зергерлерінің мұраларын бүгінгі ұрпаққа насихаттау, мұражай қорында сақталған этнографиялық және зергерлік жәдігерлерді көрермен назарына ұсыну. Қазақ халқының ұмытылып, назардан тыс қалып бара жатқан ұсталық кәсіп, зергерлік өнерін мұражай қорындағы жәдігерлер негізінде түсіндіру.
Әр халықтың ата-тегін, ел тарихын, ана тілін білуі, ұлтын сүюі — қасиетті парызы. Ал ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін сақтап, дамытуы ата-баба рухы алдындағы мәңгілік борышы мен міндеттерін көрме арқылы көрсету басты назарға алынған.
Көрменің басты ерекшелігі — этнографиялық көрмеге мұражай қорында сақталған сирек этнографиялық, зергерлік, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмысын танытатын жәдігерлер қойылмақ. Олар ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық заттар, түрлі тәсілмен жасалған қолөнер бұйымдары, қару жарақтар, музықалық аспаптар, күмістен жасалған әшекей бұйымдары, бейнелеу өнері туындылары және т.б.
Мерекелік шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, мұражай қонақтары, студенттер шақырылды. Наурыз мейрамына арналған «Ұлы дала мұрасы» атты этнографиялық көрме бір ай бойы қала қонақтары мен көрермен назарына ұсынылады.