Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында: "Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дəуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин жəне Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде "өз мемлекеттерінің" баға жетпес символдық капиталы саналады əрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр", – дей отырып алдағы уақытта ел мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаларымызды насихаттауды тапсырған еді.
Осыған орай 25 наурыз күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, жазушы Жәнібек Кәрменұлының 70 жылдығына арналған "Әніңнің баға жетпес бұрмасына" атты еске алу кеші өтті.
Аталған кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев белгілі әнші туралы естеліктер, жылы лебізін айтты. Сөз соңында Жәнібек Кәрменовтың жұбайына сый-сияпат жасап, ризашылығын білдірді.
Сахнаға елімізге белгілі әншілер Біләл Ысқақов, Базархан Қосбасаров, Рамазан Стамғазиев, Әділет Мұса, Бауыржан Құмарбеков, Кенжебай Шал, Мұрат Әбуғазы, Қайрат Қабышев, Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Болат Күлдірбаев, Шолпан Дәржанова, Амангелді Күзеубай, Абай Қойшыбаев, Күнқожа Қайрулла және т.б. дарынды өнерпаздар шықты.
Айта кетейік, Жәнібек Кәрменов кезінде өзіндік ән орындаушылығымен ерекше көзге түсті, көптеген халық композиторларының шығарма өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне мол үлес қосты.
Қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр жайында хабарлар (А.Сейдімбекпен бірге) жүргізді. Өнер тақырыбына арналған кітаптары (“Ақылбайдың әні”, ”Ғашықтың тілі”, “Махаббат әні”) жарық көрді.
1984 жылы концерттік- орындаушылық, зерттеу қызметтері және жастар арасында халық өнерін насихаттаудағы жұмыстары үшін оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1996 жылы оның есімі Қарауыл ауылындағы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы) музыка мектебіне берілген.
Белгілі әнші, қаламгер Жәнібек Кәрменов туралы: "...Кез келген шын мәніндегі дарынды тұлға секілді, Жәнібек те көп қырлы, алуан сырлы өнерпаз болатын. Оның таңғы шықтай мөлдір әңгіме-повестерін жұртшылық күні бүгінге дейін жастанып жатып оқиды. 0л шығарған әндер халықтық қалпымен, қасиет-парқымен тыңдаған жанды тәнті етеді. Жәнібектің қария сөзге жүйріктігі, ел ішінің шежіре тарихын көп білетіндігі, әсіресе, орайлы жерде суырылып сөйлеп кететін шешендігі бір ғажайып қасиеті болатын. Бұл ретте Жәнібек бұрынғы өткен әнші бабаларының көзіндей, асылдың тұяғындай, дәстүрлі мәдениетіміздің ортамызда жүрген біртуар өкіліндей болып көрінетін", – дейді жазушы Ақселеу Сейдімбек.