Балалар үйінің бүлдіршіндері: "Мейрам сыйлағаныңызға рақмет!"

15 желтоқсан күні Алматы қаласының «Mega Park» сауда орталығында мүгедек балалар мен балалар үйінің бүлдіршіндеріне арналып «Перизаттар: құбыжық жайлы аңыз» атты фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті, ­– деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Mеломан компаниясы мен Chaplin cinemas кинотеатры бірігіп №2 балалар үйі, «Ковчег» балалар үйі мен мүгедек балалардың ата-аналар қауымдастығына арнап қайырымдылық іс атқарды.

Мұндай шараны Меломан компаниясы былтыр да ұйымдастырған болатын. Биыл Бургер кинг фаст-фуд желісі балаларды кешкі аспен тамақтандырып, аниматорлар балаларды мультфильм көрсетіліміне дайындады. Қуанышында шегі жоқ балалар перизаттар жайлы анимациялық ертегіні бірінші болып көрді.

Сонымен қатар Marwin компаниясы балаларға сыйлықтар дайындады.

Балалар мультфильмнің өте ұнағанын, басты кейіпкер Фаунаның әрекетіне риза екенін және шексіз алғысын білдіріп "мейрам сыйлағаныңызға рақмет" деді. Мұндай қуанышқа ие болған бүлдіршіндер қол ұстасып, ұйымдастырушыларға бір ауыздан дауыстап рақметін айтып, қайтты.

Жан-жақтағы адамдардың жүректері елжіреп, көздерінен жас білініп жатты.

Меломан компаниясының жетекші маманы Нариман Абиев мұндай көрсетілімнің ерекше екенін атап өтті: "Голливуд туындысы мейрам қарсаңында Қазақстанда Ресейден ертерек көрсетіліп отыр. Біз Талғар балалар үйі, №2 балалар үйі мен мүгедек балаларының ата-аналары қауымдастығын шақырып отырмыз. Сондай-ақ Marwin компаниясы қызықты кітаптар мен ойыншықтар сыйлап, Бургер Кинг компаниясы балаларды тамақтандырды".

Мұндай қайырымдылық шаралары көп болсын дегіміз келеді!

Сурет: Massaget.kz

Оқи отырыңыз:

"Перизаттар: құбыжық туралы аңыз" анимациялық фильмі көруге тұрарлық па?

Арнайы Massaget.kz үшін